Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» атты халықаралық инвестициялық форум өтіп жатыр. Ауқымды шараға әлемнің әртүрлі елдерінен және Қазақстан өңірлерінен шамамен 300-ге жуық компанияның өкілдері, ірі инвесторлар, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық мүшелері қатысуда. Форум Түркістан облысының инвестициялық және туристік әлеуетін кеңінен таныстыруға, өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға арналған маңызды алаңға айналды.
Форум аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтардың назарына өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер бұйымдары, туристік бағыттар мен нысандар, сондай-ақ іске асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалар ұсынылды. Бұл көрме Түркістан облысының тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар экономикалық даму әлеуеті жоғары, инвестиция үшін тартымды өңір екенін айқын көрсетті. Келушілер жергілікті өнімдермен танысып қана қоймай, олардың экспорттық мүмкіндіктері мен өндірістік ауқымын бағалауға мүмкіндік алды.
Форумның негізгі мақсаты – өңірдің инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде ілгерілету, жаңа капитал тарту, шетелдік жетекші компаниялармен әріптестікті нығайту және өндіріс орындарын көбейту арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу. Осы бағытта форум бағдарламасы мазмұнды әрі көпқырлы болып құрылды. Іс-шара аясында G2B және B2B форматындағы келіссөздер, панельдік пікірталастар мен іскерлік кездесулер ұйымдастырылып, нақты жобалар мен бастамалар талқыланды.
Форум шеңберінде өткен «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбындағы пленарлық отырыс маңызды мазмұнымен ерекшеленді. Пленарлық отырысқа Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форум қонақтарына өңірдің даму бағыттары мен инвестициялық басымдықтары жөнінде жан-жақты баяндады. Ол өз сөзінде форумның жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға арналған маңызды диалог алаңы екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, халықаралық форумға шетелден 200-ге жуық компания, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен 100-ден астам ірі кәсіпорын өкілдері қатысуда. Бұл Түркістанның инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Нұралхан Көшеров өз баяндамасында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікке де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің бірнеше мәрте жоғары деңгейдегі кездесулері екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға негіз қалады. Соңғы 20 жылда Қытайдан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 27 млрд АҚШ долларын құраса, Түркістан облысы құрылған уақыттан бері Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 млн АҚШ долларын құрайтын жеті инвестициялық жоба іске асқан. Бұл көрсеткіш өңірдің халықаралық инвесторлар үшін сенімді әрі перспективалы аймақ екенін дәлелдейді.
Облыс басшысы Түркістанның ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және логистика салаларында инвестиция тартуға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтар, сондай-ақ дайын өндірістік ғимараттармен қамтамасыз етілген шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істеп тұр. Бұл алаңдар жаңа жобаларды қысқа мерзімде іске қосуға, өндіріс шығындарын азайтуға және бизнесті тиімді жүргізуге жағдай жасайды. Әкім шетелдік және отандық инвесторларды осы мүмкіндіктерді пайдаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Форумды ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы, нақтырақ айтқанда Сиань қаласындағы Бас консулдығы белсенді түрде атсалысты. Қазақстанның ҚХР-дағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Қытайдың Шэньси және Сычуань провинцияларынан келген ресми және бизнес делегациясын бастап келді. Бұл қадам екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған нақты іс ретінде бағаланды.
Пленарлық отырыста халықаралық және отандық сарапшылар, ірі компания басшылары сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай, сондай-ақ басқа елдер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Спикерлер өз баяндамаларында Түркістан облысының стратегиялық орналасуы, адами капиталы және өндірістік әлеуеті халықаралық серіктестер үшін үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Форум барысында Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің жетекші компаниялары арасында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған меморандумдарға қол қою жоспарланған. Бұл құжаттар алдағы жылдары өңірде жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және экономиканың тұрақты дамуына негіз болады. Айта кету керек, биылғы жылдың өзінде облыс басшылығы 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізіп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде 10 айдың қорытындысымен облыстың негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылып, шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларына жетті. 2025–2028 жылдар аралығына арналған 111 инвестициялық жобалар пулы толық іске асқан жағдайда өңірде 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

