Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған ыстық сумен қамту жобасы аясында тұрғындармен кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы ұйымдастырылған кездесулерге басқарма өкілдері, коммуналдық мекемелер мамандары және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысып, жобаның мақсаты мен артықшылықтары туралы ақпарат берді.
Түсіндіру барысында орталықтандырылған жүйенің бұрынғы жеке жылытқыш құрылғыларға қарағанда әлдеқайда тиімді екені айтылды. Мамандардың айтуынша, орталықтандырылған ыстық су жүйесі тұрғындардың коммуналдық шығындарын азайтып, қауіпсіздікті арттырады. Жеке су жылытқыштарын пайдаланған кезде электр энергиясына түсетін жүктеме жоғары болып, қауіпті жағдайлар туындауы ықтимал. Ал жаңа жүйе арқылы электр қуатына кететін шығын төмендеп, үй ішіндегі инженерлік желілер толық жаңартылатын болады.
Жоба аясында 176 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда жабдықтарды жеткізу, монтаждау және қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мамандар тұрғындарға уақытша қолайсыздықтардың болатынын, алайда барлық жұмыс жоспар бойынша аяқталғаннан кейін ыстық су жыл бойы үздіксіз берілетінін түсіндірді.
Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, техникалық ерекшеліктер, тариф мәселесі және үй ішіндегі жүйелерді дайындау талаптары талқыланды. Коммуналдық сала мамандары жобаның іске асырылуын облыс әкімдігінің тікелей бақылауында екенін атап өтті.
Жергілікті билік өкілдері бұл бастама қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын, алдағы уақытта орталықтандырылған ыстық сумен қамту жүйесі кезең-кезеңімен кеңейтілетінін жеткізді.

