TITF–2025: Түркістанда инвестициялық серпін күшейіп, құны 432,2 млрд теңгені құрайтын жаңа жобаларға жол ашылды

TITF–2025: Түркістанда инвестициялық серпін күшейіп, құны 432,2 млрд теңгені құрайтын жаңа жобаларға жол ашылды

Түркістан қаласында өтіп жатқан «TITF–2025» халықаралық инвестициялық форумы өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр. Ауқымды іскерлік алаңда Түркістан облысына инвестиция тарту, өндіріс саласын дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы нақты қадамдар жасалып, жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын жеті ірі ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл келісімдер облыстың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Халықаралық форумға әлемнің жетекші компанияларының өкілдері, отандық және шетелдік инвесторлар, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық мүшелері қатысуда. Форумды ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы, нақтырақ айтқанда Сиань қаласындағы Бас консулдығы белсенді атсалысып, Қытайдың Шэньси және Сычуань провинцияларынан келген ресми әрі бизнес делегациялардың қатысуына ықпал етті. Қазақстан Республикасының Бас консулы Жошыхан Қыраубаев бастаған делегация бұл форумды екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң ретінде бағалады.

Іс-шара барысында форум «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбындағы панельдік сессиямен жалғасты. Панельдік талқылауда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, өңірде инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Облыс басшысы форумның өңір үшін маңызын айта келе, мақұлданған жобаларды іске асыруда инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан облысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өңдеу салаларын дамытуға қолайлы жағдай жасалған, ал бұл форум сол әлеуетті нақты жобалар арқылы іске асыруға мүмкіндік береді.

Форум барысында қол қойылған жеті меморандум өңір экономикасының түрлі салаларын қамтиды. Атап айтқанда, Қазақстан–Қытай индустриалды аймағын құру жобасы, джинс матасы мен ілмек, мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын қалыптастыру, алюкацинк қағаздарын шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сондай-ақ жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін жасау бағытындағы инвестициялық жобалар мақұлданды. Бұл жобалардың әрқайсысы өңірде жаңа өндірістер ашуға, технология трансфертіне және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Жалпы құны жүздеген миллиард теңгені құрайтын бұл бастамалар Түркістан облысының индустриялық құрылымын күшейтіп, экономиканы шикізаттық емес бағытта дамытуға жол ашады. Өңірде іске асатын жаңа жобалар жергілікті кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырып, халықаралық компаниялармен серіктестікті кеңейтеді. Сонымен қатар өндіріс орындарының ашылуы мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға негіз болады.

Форум аясында айтылған деректерге сәйкес, Түркістан облысында 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда өңірде 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық белсенділігі жоғары екенін және қабылданған стратегияның нақты нәтижелер беріп жатқанын көрсетеді.

Облыстың инвестициялық ахуалына қатысты көрсеткіштер де оң серпінді аңғартады. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Сонымен қатар 2025 жылға 475 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту индикаторы бекітілген болатын. Алайда жылдың екінші тоқсанының өзінде бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жоспар артығымен орындалды. Бұл деректер Түркістан облысының шетелдік инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын дәлелдейді.

Жыл басынан бері облыс басшылығы 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өткізіп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз шығару, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем және өсімдік майын өндіру сияқты бірқатар нақты жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл халықаралық форум ресми сапарлар мен келіссөздердің жалғасы ретінде іскерлік байланысты нығайтатын тұрақты алаңға айналып келеді. TITF–2025 аясында мақұлданған жобалар Түркістан облысының экономикасын ұзақ мерзімді негізде дамытуға, өндірістік әлеуетін арттыруға және өңірді Қазақстанның жаңа инвестициялық орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...