Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыруға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Жиынға Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Жанар Алтаева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов, Білім салалық кеңесінің төрайымы Диана Қараманова, сонымен қатар қаладағы жекеменшік мектептердің жетекшілері мен кәсіпкерлер қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жекеменшік мектептердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, келісім-шарттардағы қаржылық міндеттемелерді реттеу және мемлекет пен жеке сектордың тиімді әріптестігін дамытуға мүмкіндік беретін ұсыныстарды талқылау болды.
Жиынды ашқан Жанар Алтаева жекеменшік білім беру ұйымдарының қазіргі таңда қаладағы оқу орындары арасындағы үлесінің жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Шымкентте тұрғындар санының қарқынды өсуіне байланысты жаңа мектептерге деген қажеттілік артып отыр. Ал бұл қажеттілікті тек мемлекеттік білім беру ұйымдарының есебінен шешу мүмкін емес. Осы орайда жекеменшік сектордың белсенділігі – ортақ мақсатқа жетудегі маңызды ресурс.
Ал Білім салалық кеңесінің төрайымы Диана Қараманова жекеменшік мектептердің оқу жүйесіне енгізіп жатқан жаңашылдықтары мен білім сапасын арттыруға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Ол педагогтардың жалақысын уақытылы төлеу, кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету – сапалы білім берудің негізгі шарттарының бірі екенін жеткізді. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаудың кешіктірілуі мектеп жұмысына тікелей әсер ететінін айтты.
Өз кезегінде Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов кездесуге қатысушыларды толғандырған қаржылық мәселелердің таяу уақытта шешілетінін мәлімдеді. Ол жекеменшік мектептердің жобалық қуаттылығын сақтау, білім беру процесінің сапасын тұрақты бақылауда ұстау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басқарманың басты басымдықтарының бірі екенін ерекше айтты.
Қуаныш Ысқақов сондай-ақ басқарманың осы мәселеге жауапты мамандарын таныстырып, бірқатар білім беру ұйымдарында есеп-қисап айырысу және қаржыны аудару мәселелері реттелетінін атап өтті. Қаржыландыру барысында туындаған кідірістер техникалық себептерге байланысты екенін айтып, алдағы уақытта білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы коммуникацияны күшейту қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында кәсіпкерлер мен жекеменшік мектеп басшылары өз тәжірибелерінен туындаған проблемаларды ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, халық саны көп аудан-шағын аудандарда жаңа мектептер салуға мүмкіндік беретін ынталандыру тетіктерін күшейту, мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру, ұзақ мерзімді келісім-шарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Кәсіпкерлер палатасы өкілдері түйінді мәселелерді ортақ талқылаудың нәтижесінде оң шешімдер қабылдануы мүмкін екенін айтып, бизнес пен биліктің тұрақты диалогы білім сапасын арттыруға өз үлесін қосатынын жеткізді.
Жиын қорытындысында тараптар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған жұмысты жалғастыруға және алдағы уақытта тағы да бірлескен талқылаулар өткізуге келісті.

