Шымкент қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау және олардың өз ісін ашуына мүмкіндік жасау мақсатында 99 тұрғынға 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) қайтарымсыз грант берілді. Мемлекеттік қолдаудың ІІІ легіне жалпы 398 өтінім қабылданып, комиссияның қарауынан өткен жобалардың ішінен ең тиімді және іске асыруға дайын бағыттар таңдалды. Жеңімпаздардың қатарында 52 жеке кәсіпкер және 47 жұмыссыз азамат бар.
Қалада жыл басынан бері жалпы 432 тұрғын грант иегері атанған. Бұл көрсеткіш Шымкентте кәсіпкерлікке деген қызығушылықтың жоғары екенін және мемлекеттік қолдаудың нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Грант иелерінің басым бөлігі әлеуметтік осал топтарға жатады: 55 көп балалы отбасы, мүгедектігі бар 21 азамат, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған 17 ата-ана, асыраушысынан айырылған 5 адам және 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы. Мұндай санаттарды қолдау – әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам.
Грант алушылар өз бизнес-жобаларын enbek.business.kz порталы арқылы онлайн түрде тіркеп, кейін комиссия алдында қорғаған. Бұл жүйе кәсіпкерлік бастамалардың ашық әрі әділ іріктелуіне жағдай жасайды. Жобалардың ішінде қызмет көрсету саласы, тамақ өндіру, тігіншілік, ауыл шаруашылығы, жартылай фабрикаттар өндірісі, фаст-фуд және басқа да бағыттар бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, қала тұрғындарының табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр.
Гранттың басты мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын құру және қаланың экономикалық дамуына үлес қосу. Берілген қаражат қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Еңбек мобильділігі орталығының жанында арнайы мониторинг тобы құрылған, олар әр жобаның іске асу барысын қадағалап, қажетті кеңес береді. Егер қаржы мақсатсыз жұмсалса немесе жоба жүзеге аспаса, қаражат мемлекетке қайтарылады.
Қайтарымсыз гранттар бағдарламасы тек қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, азаматтардың жаңа кәсіп бастауына сенім береді. Жаңа кәсіп иелері үшін жабдық сатып алу, өндірісті жолға қою, қызмет аясын кеңейту секілді маңызды қадамдарды жасауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде қаладағы шағын және орта бизнес секторының дамуына, жаңа өндірістер мен қызмет түрлерінің пайда болуына әсер етеді.
Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасады деп күтіледі. Мемлекеттік гранттар еңбек нарығын жандандырып, тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде. Қолдау тапқан жобалардың жүзеге асуы қала экономикасына серпін беріп, жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

