Шымкент қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе еңбек нарығындағы осал топтарды қолдау, жұмыссыздардың санын азайту және тұрғындарға мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта Еңбекші ауданында алғашқы шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы прокуратурасының ұсынысы және бекітілген іс-шаралар жоспары негізінде №94 жалпы орта мектеп ғимаратында өткен жәрмеңкеге қалада орналасқан 20-ға жуық жұмыс беруші кәсіпорын қатысты. Олар 300-ден аса бос жұмыс орнын ұсынып, тұрғындарға өз мамандықтарына сай тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігін көрсетті.
Іс-шара барысында аудан тұрғындарына жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, оның ішінде:
• субсидияланатын жұмыс орындары
• жастар практикасы
• әлеуметтік жұмыс орындары
• «Күміс жас» жобасы
• «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы
жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 70-тен аса азаматқа ақпараттық буклеттер таратылды.
Жәрмеңкеге қатысқан азаматтардың ішінде 17 борышкер жұмыспен қамту жүйесіне тіркеліп, жұмыс іздеуші мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар, пробация есебінде тұрған 8 азамат іс-шараға қатысып, олардың 4-еуі ұсынылған жұмыс орындарына тұрақты түрде жолданды. Бұл — қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік бейімдеуді күшейтудің маңызды нәтижесі.
Жәрмеңке барысында тек жұмысқа орналастыру бағытында ғана емес, сонымен қатар құқықтық және әлеуметтік түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Атап айтқанда, 90 күннен асқан мерзімі өткен борышкерлерге «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында берешекті заң аясында реттеу жолдары түсіндірілді. Бұған қоса, Мамандандырылған әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша мамандар түсіндірме беріп, міндетті медициналық сақтандырудың маңыздылығы, медициналық қызметтерді тегін алу үшін жүйеге қатысудың қажеттігі кеңінен айтылды.
Іс-шараға келген аудан тұрғындары жұмысқа тікелей жолдама алу мүмкіндігіне ие болғандары үшін риза болды. Олардың пікірінше, мұндай жәрмеңкелер қаланың алыс аумақтарында тұратын тұрғындар үшін аса тиімді. Себебі жұмыс берушімен бетпе-бет сөйлесіп, қажетті кеңес алып, жұмысқа орналасу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту бөлімінің мамандары жәрмеңкелердің алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Мұндай іс-шаралар еңбек нарығында сұраныстағы мамандықтарды анықтауға, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.
Жоспар бойынша Еңбекші ауданында осындай жәрмеңкелер жыл соңына дейін бірнеше рет ұйымдастырылып, жұмыссыз азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылмақ.

