Алматы кәсіпкерлері үшін жаңа салықтық қолдау шаралары ұсынылды

Алматы кәсіпкерлері үшін жаңа салықтық қолдау шаралары ұсынылды

2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі еліміздегі салық саясатына бірқатар өзгеріс енгізбек. Оның ең маңызды жаңалықтарының бірі — жеңілдетілген және бөлшек салық режимдерінің біріктіріліп, 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлемеге көшуі. Осы өзгеріс шағын және орта бизнеске әсер ететіні белгілі, сондықтан Алматы қаласы әкімдігі кәсіпкерлерге қосымша қолдау көрсетуді қолға алды.

Қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте жаңа жағдайларға бейімделу тетіктері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша әкімдік 2026 жылдан бастап жаңа біріктірілген салық режимін қолданатын барлық кәсіпкерлер үшін мөлшерлемені 4 пайыз емес, 3 пайыз деңгейінде белгілеу жөнінде шешім қабылдады. Енді бұл ұсыныс Мәслихаттың қарауына шығарылып, бекітілген жағдайда қаладағы мыңдаған шағын бизнес өкілдері үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ.

Бұл бастама шағын және орта бизнестің салықтық ауыртпалығын азайтып қана қоймай, олардың тұрақты жұмыс істеуіне де қолдау көрсетеді. Әсіресе инфляциялық тәуекелдер жоғарылаған кезеңде салық мөлшерлемесін төмендету бизнес иелеріне қосымша қаржылық демеу болады. Әкімдік ұсынысы ең алдымен B2C-сегментінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бағытталған. Оның ішінде үй маңындағы дүкендер, шаштараздар, шеберханалар, тұрмыстық қызмет көрсету орындары сияқты халыққа тікелей қызмет көрсететін нысандар бар.

Жеңілдетілген мөлшерлеме енгізілсе, мұндай кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін тоқтатпай, бизнесті кеңейтуге ынталанады. Сонымен бірге сауда мен қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер үшін әкімдік тарапынан жасалған бұл қадам жалпы қала экономикасының белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Алматы әкімдігі бұл бастаманың инвестициялық ахуалды тұрақтандыруға және кәсіпкерлердің мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға көмектесетініне сенімді. Экономикалық тұрақтылық пен бизнеске қолайлы орта қалыптастыру — қала үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Осы ретте салықтық жеңілдіктер жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына, бар кәсіпорындардың кеңеюіне және жалпы іскерлік белсенділіктің өсуіне серпін береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...