Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы биылғы жылы мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың арқасында айтарлықтай дамып, өнім мен табыс көлемі едәуір артты. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде айтылды. Мәжілісте аграрлық сектордағы субсидиялар мен жеңілдіктердің тиімділігі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді арттыру мәселелері талқыланды.
Биыл ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға жалпы 48,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 43,3 млрд теңге – облыстық бюджеттен, ал 5,2 млрд теңге – үкіметтік резерв есебінен. 9 айдың қорытындысы бойынша 42 млрд теңге шаруаларға үлестірілді. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісі тұрақты дамып, шаруалардың табысы артты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде агроөнеркәсіп кешенін қолдау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
«Бұл қаржы – ауыл еңбеккерлерінің еңбегін қолдауға бағытталған нақты көмек. Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдіктер ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Ең бастысы – әрбір тиын нақты мақсатқа жұмсалып, шаруаларға нақты нәтиже беруі тиіс», – деді аймақ басшысы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы бойынша 4,4 млрд теңге қарастырылған. Бағдарлама аясында жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде өнім көлемі айтарлықтай артқан. 2023 жылы 78 мың тонна өнім жиналса, биыл бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп, 1,3 есеге артқан. Маусымаралық кезеңде (наурыз–сәуір айларында) көкөніс өнімдерінің бағасы тұрақтанған. Бұл – мемлекеттің жүйелі қолдауы мен шаруалардың еңбегінің жемісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру мақсатында 2024–2028 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген. Осы жоспарға сай, 2025 жылы Түркістан облысында 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу көзделген. Биыл бұл бағытқа 12,2 млрд теңге бөлініп, жоспар артығымен орындалды – егістік алқаптарына 206 мың тонна тыңайтқыш енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артқан.
Түркістан облысы республикадағы мал шаруашылығының жетекші орталығы саналады. Ел бойынша ірі қара малдың 13%, ұсақ малдың 22%, жылқының 11%, түйенің 14% осы өңірдің үлесіне тиесілі. Тек 8 айдың өзінде облыс шаруалары 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 млн дана жұмыртқа өндірген.
Мал шаруашылығын дамытуда мемлекет тарапынан 25 түрлі қолдау бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. 2024 жылдан бастап асыл тұқымды мал басын көбейтуге ерекше басымдық берілген. Соның нәтижесінде асыл тұқымды ірі қара саны 117%, ұсақ мал 3,9 есе, жылқы 101,2% артқан. Бұл көрсеткіштер өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы серпінді дамуын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар қайта өңдеу саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы 1,3 млрд теңге, 2024 жылы 1,85 млрд теңге, ал 2025 жылға 1 млрд теңге қарастырылған. Бұл қолдау облыстың тамақ өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құнын арттыруға жол ашты.
Облыстағы шаруашылықтар тек өнім өндірумен шектелмей, экспорттық бағытты да дамытып келеді. Түркістан өңірінен шығарылатын көкөніс пен мал өнімдері республикаішілік нарықтан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдеріне экспортталып отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ауыл шаруашылығын экономиканың басты тірегіне айналдыруға бағытталған. Қаржылық қолдау, тыңайтқыш субсидиясы, мал шаруашылығын жетілдіру және қайта өңдеуді дамыту – ауыл экономикасының тұрақты дамуының кепілі.
Түркістан облысы соңғы жылдары аграрлық инновацияларды енгізу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және өнімділікті арттыруда республикада көш бастап келеді. Шаруалар мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көріп, ауыл шаруашылығының тиімді әрі табысты салаға айналып отырғанын атап өтуде.

