Түркістан облысында алдағы 2024–2025 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп, өңір басшылығының қатаң бақылауында тұр. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде мәлімделді. Мәжілісте облыс бойынша жылумен қамтамасыз ету кәсіпорындарының дайындық деңгейі, инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу және отын қорын толықтыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің мәліметінше, бүгінде өңірде жылумен қамтамасыз ететін 7 кәсіпорын, 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды жылыту жүйесі жұмыс істейді. Барлық нысандарда жылыту маусымына қажетті дайындық шаралары толық атқарылған. Әкім бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз бақылауда ұстап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
«Жылыту маусымының тұрақты және қауіпсіз өтуі – біздің басты міндетіміз. Әрбір әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылумен үздіксіз қамтылуы, отын қорының жеткілікті болуы және қазандықтардың ақаусыз жұмысы тұрақты қадағалансын. Кемшілікке жол берген басшылардың жауапкершілігі қаралады», – деді облыс басшысы.
Аппарат отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасап, жылу нысандарының дайындығы өңірлік штабтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі жұмыстар Кентау, Созақ, Төлеби және Отырар аудандарында сәтті аяқталған.
Кентау қаласында 6 қазандықтың техникалық-монтаж жұмыстары толық аяқталып, жылу желілерін жаңғырту жүргізілді. Жалпы ұзындығы 14,5 шақырым магистральды желінің 950 метрі қайта құрылып, жоспарланғаннан артық көлемде, яғни 1 шақырымға жуық қосымша жұмыс атқарылған. Ал ішкі орам желілерін жаңарту бойынша І кезеңде 22,2 шақырым желінің 5,5 шақырымы қайта жөнделіп, жоспар 130%-ға орындалды. ІІ кезеңде 44,2 шақырым желіні жаңарту көзделсе, бүгінге дейін оның 33,5 шақырымы толық аяқталды. Қалған жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады.
Созақ ауданында Қыземшек кентіндегі №6 қазандық толық жөнделіп, №2, №3 және №4 қазандықтарда соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қыземшек және Таукент кенттерінде 4,7 шақырымдық жылу құбыры толық ауыстырылып, жұмыстар 100% орындалған.
Төлеби ауданында резервтік қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен бірге 1,1 шақырымдық жылу желілері толығымен жаңартылды. Отырар ауданындағы Шәуілдір және Мыңшұқыр ауылдарында қазандықтар толық жөндеуден өткізіліп, жылу жүйелері қысыммен сыналды.
Түркістан және Арыс қалалары, сондай-ақ Сарыағаш ауданы жылыту маусымына толық дайын. Қазандықтарда қысымдау және қауіпсіздік тексерістері өткізілді. Түркістан қаласының орталық қазандығында резервуарлар орнатылып, жаңа отын қоймасы дайындалған.
Отынмен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда. Облыстағы бюджеттік мекемелерге қажетті 3,146 млн литр дизель отынының 3,103 млн литрі жеткізілді. Көмір қорының жалпы қажеттілігі 594,3 мың тонна болса, қазіргі таңда 325,6 мың тоннасы қамтамасыз етілген. Оның ішінде бюджеттік нысандар 100%, жеке тұрғындар 77%, жылыжай кешендері 22% қамтылған. Теміржол тұйықтарында 90,6 мың тонна көмір қоры бар.
Сонымен қатар биыл 46 газбен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталады. Осыған байланысты Мақтарал, Жетісай, Келес, Кентау, Сарыағаш, Ордабасы және Бәйдібек аудандарында шамамен 74 мың тонна көмір отынының шығыны қысқармақ. Бұл — экологиялық тиімділік пен отын шығынын азайтуға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі таңда жылыту маусымы Түлкібас ауданында басталып кеткен. Қалған аудан және қалаларда жылу беру кезеңі 15 қазан мен 1 қараша аралығында кезең-кезеңімен іске қосылады деп жоспарлануда.
Түркістан облысының жылыту маусымына мұқият дайындалуы өңірдің әлеуметтік нысандары мен тұрғындарының қыс мезгілінде үздіксіз жылумен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді. Бұл – билік пен коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысының нақты нәтижесі.

