Жалдамалы жұмысшыларға тұрақты жұмыс орындары ұсынылды

Жалдамалы жұмысшыларға тұрақты жұмыс орындары ұсынылды

Шымкент қаласында еңбек нарығын дамыту және бейресми секторда жұмыс істеп жүрген азаматтарды ресми еңбекке тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Еңбек мобильділігі орталығының Әл-Фараби ауданы бойынша мансап орталығы И.Жансүгіров көшесінде күнделікті табыс табу үшін жалданып жұмыс істейтін азаматтармен арнайы кездесу ұйымдастырды.

Кездесудің басты мақсаты – бейресми түрде еңбек етіп жүрген жұмысшыларға мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерін таныстыру, оларға тұрақты әрі ресми жұмыс орындарын ұсыну болды. Себебі бейресми секторда еңбек етіп жүрген азаматтар әлеуметтік сақтандыру жүйесінен тыс қалып, зейнетақы, медициналық көмек және басқа да әлеуметтік кепілдіктерден айырылып отыр.

Жиын барысында мамандар күнделікті жалдамалы жұмысқа шығатын азаматтарға индустриалды аймақтардағы кәсіпорындардан, құрылыс саласынан, логистика, қызмет көрсету мен коммуналдық шаруашылық мекемелерінен бос жұмыс орындарын ұсынды. Бұл жұмысшылар үшін тұрақты табыс көзіне қол жеткізудің нақты мүмкіндігі болып табылады.

Сонымен қатар, еңбек мобильділігі орталығының мамандары жұмысшыларға «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламаларының артықшылықтарын кеңінен түсіндірді. Мәселен, ресми жұмысқа орналасқан әрбір азамат зейнетақы жарналарын аударып, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Бұл олардың еңбек құқығын қорғап қана қоймай, болашақта тұрақты әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Кездесуде айтылған маңызды жайттардың бірі – электронды еңбек биржасы мен «Enbek.kz» порталының мүмкіндіктері болды. Мамандар жалдамалы жұмысшыларға осы жүйеге тіркелу арқылы өз түйіндемесін жүктеуге, бос жұмыс орындарымен танысуға және кәсіби курстарға қатысуға болатынын атап өтті. Бұл олардың еңбек нарығына ресми жолмен шығуына үлкен көмек.

Жиынға қатысқан жұмысшылар ұсынылған ақпаратқа қызығушылық танытып, кейбірі бірден резюмелерін қалдырды. Олар еңбек нарығындағы ресми орындарға орналасу арқылы тұрақты табысқа қол жеткізумен қатар, кәсіби тұрғыда өсуге болатынын түсінді. Әсіресе, жас жұмысшылар үшін тәжірибе жинау, мамандық бойынша жаңа білім алу мүмкіндіктері ерекше назарға алынды.

Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығы алдағы уақытта да бейресми сектордағы еңбекке қабілетті азаматтарды ресми жұмыс орындарына тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Бұл – қаланың әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуына оң әсер ететін маңызды қадам.

Қорытындылай келгенде, жалдамалы жұмысшыларды тұрақты еңбекке тарту – тек қана олардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдауға жол ашады. Ең бастысы, әрбір еңбек адамының кәсіби және әлеуметтік тұрғыда қорғалғаны қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...