Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бір айғағы – «Сауле» шағын ауданында өткен ақпараттық кездесу. Іс-шараның мақсаты – жергілікті тұрғындарға, әсіресе жастарға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы кең көлемде түсіндіру, жұмысқа орналасудың нақты жолдарын көрсету.
Кездесуге қатысқан мамандар жұмыс іздеп жүрген азаматтарға арналған бірнеше тиімді бағдарламалар жайында жан-жақты мәлімет берді. Олардың ішінде ең кең таралғаны – «Жастар практикасы» жобасы. Бұл бағдарлама арқылы жоғары оқу орны немесе колледж түлектері мамандықтары бойынша алғашқы тәжірибесін жинай алады. Жобаның ұзақтығы 12 айға дейін жетіп, қатысушыларға ай сайын еңбекақы төленеді. Осылайша, олар нарықтағы сұранысқа сай машықтанып, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Тағы бір маңызды бағдарлама – «Алғашқы бос жұмыс орны». Бұл жоба еңбек өтілі жоқ жастарға арналған. Жұмыс берушілер жас мамандарды жұмысқа қабылдап, мемлекеттен жалақысының бір бөлігін өтеу арқылы қолдау алады. Бұл – жастардың жаңа ортаға бейімделіп, кәсіби дамуына жол ашатын нақты мүмкіндік.
Кездесуде сонымен қатар «Ақылы қоғамдық жұмыс» бағдарламасы да кеңінен түсіндірілді. Бұл бағдарлама арқылы азаматтар уақытша негізде жұмыс істеп, еңбек нарығына қайта бейімделуіне қол жеткізе алады. Қоғамдық жұмыс орындары көбіне санитарлық тазалау, көгалдандыру, әлеуметтік мекемелердегі көмекші қызметтер сияқты салаларда ұйымдастырылады. Мұндай жұмыс тәжірибесі кейін тұрақты жұмыс табуға үлкен сеп болады.
Іс-шара барысында қатысушыларға ақпараттық жаднамалар таратылып, әрбір бағдарлама бойынша пайдалы кеңестер ұсынылды. Жастар Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын іздеу, түйіндеме жасау және жұмыссыз ретінде тіркелу жолдарын меңгерді. Мамандар порталды қолданудың мобильді нұсқасы бар екенін айтып, оны жүктеп алуға кеңес берді.
Кездесуде қойылған сұрақтар негізінен жалақы көлемі, бағдарламаға қатысу шарттары, қажет құжаттар және тіркелу тәртібі төңірегінде болды. Мамандар әрбір сұраққа нақты жауап беріп, қажетті жағдайларда жеке кеңес те ұсынды. Тұрғындардың көбі кәсіптік оқуға қатысты қызығушылық танытып, тегін оқу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.
«Сауле» шағын ауданында өткен бұл ақпараттық кездесу – Шымкент қаласының жұмыспен қамту саясатының тиімділігін көрсететін іс-шаралардың бірі. Мұндай кездесулер қаланың басқа тұрғын алаптарында да тұрақты түрде жалғасып жатыр. Бұл – халықты, әсіресе жастарды еңбекке баулудың, табыс табу мүмкіндігін арттырудың және әлеуметтік жағдайын жақсартудың нақты жолы.

