Түркістан облысы елімізде көшет өндіру, орман алқаптарын ұлғайту және елді мекендерді көгалдандыру бағытында озық үлгі көрсетіп отыр. Қазіргі таңда өңірде 3,4 миллион гектардан астам мемлекеттік орман қоры жері бар, бұл облыс аумағының шамамен 30 пайызына тең. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021–2027 жылдар аралығында 110,2 мың гектар жерге 170 миллион көшет отырғызу көзделіп, бұл бағытта жүйелі жұмыс қолға алынған.
Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен елді мекендерді абаттандыру, жасыл желектерді көбейту және орман қорын қалпына келтіру шаралары жан-жақты жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз төрағалығымен өткен мәжілісте бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, нәтижелі жүзеге асыру үшін аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе көшеттердің сапасы мен суару жүйелерінің тиімді ұйымдастырылуы баса назарға алынып отыр.
2021–2024 жылдар аралығында облыста 2,7 миллионнан астам көшет отырғызылған. Ал биыл тек көктемгі маусымда 509 мыңға жуық көшет егілген. Бұл көрсеткіш облыстағы 21 орман тұқымбағының жұмысының нәтижесі. Аталған тұқымбақтарда 17 түрлі ағаш көшеті өсіріліп, оның көлемі жыл санап артып келеді. Өткен жылы 30 миллион көшет өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 35 миллионға жеткізілмек. Суару және күтім жұмыстары да күшейтіліп, көшеттердің тіршілікке бейімділігі артуда.
Орман шаруашылығы саласындағы жетістіктермен қатар, Түркістан облысы тұрғындары мен демеушілері де бұл игі іске атсалысуда. Аудан, қала әкімдіктерінің бюджеті мен демеушілердің есебінен көшеттер алу жұмысы жүргізілуде. Биылдың өзінде 69 мыңнан астам көшет сол арқылы алынған. Бұл мемлекеттік және қоғамдық күштердің үйлесімді әрекетінің жемісі.
Алайда, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, кейбір аудандарда көгалдандыру нәтижелері көңіл көншітпейді. Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар және Жетісай аудандарында көшеттердің өнімділігі төмен, суару және қоршау шаралары жеткіліксіз жүргізілген. Осыған орай аталған әкімдіктерге ескерту беріліп, жауапкершілік мәселесі көтерілді. Ал Арыс, Түркістан қалалары мен Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарында бұл жұмыстар жоғары деңгейде орындалуда.
Облыс бойынша жасыл желекті кеңейтуге бағытталған жұмыстарды тиімді үйлестіру мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, аудандарды аралау, қажетті көшеттердің көлемін нақтылау және климаттық ерекшеліктерді ескере отырып көшет бөлу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде әр өңірге лайықты ағаш түрлерін таңдап, олардың тиімді өсуіне жол ашады.
Орман тұқымбақтарының саны мен сапасын арттыру арқылы Түркістан облысы республикада көш бастап отыр. Бұл — өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, елді мекендердің келбетін көркейтуге, ауаның сапасын жақсартуға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал ететін маңызды шара. Ауылдық жерлерде де көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп, елді мекендердің экожүйесін жақсартуға серпін беріп отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының бұл бағыттағы тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне үлгі боларлық. Ұйымдасқан жұмыс, нақты жоспар, орман шаруашылығы мекемелерінің кәсіби әлеуеті және қоғамның белсенділігі нәтижесінде облыс экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамудың жаңа белесіне көтерілуде. Жасыл аймақтарды көбейту арқылы Түркістан болашағына бүгіннен бастап инвестиция салып отыр.

