Шымкент қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламаларымен кеңінен таныстыру және қолжетімді еңбек мүмкіндіктерін арттыру мақсатында әр апта сайын арнайы ақпараттық-көшпелі жиындар өткізіліп келеді. Бұл бастаманы Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастыруда. Іс-шараның негізгі мақсаты — халықты жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікке баулу, қысқа мерзімді оқу курстарына тарту және мемлекеттік әлеуметтік қолдау құралдарын түсіндіру.
Кезекті жиын Сайрам тұрғын алабында, Әмір Темір көшесіндегі №3 клиникалық аурухана базасында өтті. Бұл – халыққа ең ыңғайлы орындардың бірі, себебі ауруханаға күнделікті келушілер саны жоғары. Осылайша, азаматтарға жедел әрі тиімді кеңес беруге жағдай жасалды.
Шара барысында Қаратау ауданының Мансап орталығының мамандары тұрғындарға нақты бағыттар бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Атап айтқанда, тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналасу тәртібі, мемлекет ұсынатын қайтарымсыз гранттар жайлы, қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға қатысу мүмкіндігі, жеке кәсіпкерлікті бастау үшін қажетті білім алу, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алу жолдары жайында жан-жақты мәлімет берілді.
Бұл жиынға келген тұрғындар мамандармен бетпе-бет сөйлесіп, өздеріне қатысты сұрақтарға жауап алды. Кейбіреулер жұмысқа орналасу жөнінде кеңес алса, енді біреулер оқуға қатысу немесе грантқа өтінім беру жайында толық ақпаратпен танысты. Ең бастысы — тұрғындар үшін бұл шаралар сенімді әрі түсінікті қолдау алаңына айналып отыр.
Еңбек мобильділігі орталығының мұндай бастамалары қала тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Әсіресе әлеуметтік осал топ өкілдері — көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар, зейнеталды азаматтар мен жастар үшін бұл жәрмеңкелер мен түсіндіру жұмыстары өз болашағын жоспарлауға нақты қадам жасауға көмектеседі. Мемлекеттің қолдау тетіктерін дер кезінде және дұрыс пайдалануға бағытталған мұндай кездесулер еңбекке қабілетті, бірақ жұмыссыз жүрген азаматтарға үлкен серпін береді.
Шара соңында мамандар азаматтарды Enbek.kz порталы арқылы тіркеліп, өз саласына байланысты бос жұмыс орындарын қарауға шақырды. Сонымен қатар, егер тұрғындар белгілі бір кәсіпке бейімі бар болса, қысқа мерзімді оқу курстары арқылы жаңа мамандық меңгеріп, болашақта тұрақты табыс көзіне ие бола алатыны түсіндірілді.
Осындай көшпелі жиындардың тұрақты өтуі — Шымкент қаласындағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға үлес қосатын маңызды қадам. Алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғасын тауып, қаланың әр аумағын қамту көзделіп отыр.

