Шымкент қаласында еңбек нарығын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның аясында Еңбекші ауданы әкімдігі аппаратының мамандары мен аудандық Мансап орталығының қызметкерлері №12 жалпы орта білім беретін мектепте білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесу өткізді.
Жиынның негізгі мақсаты – жұмысқа қабылдау рәсімдерін біріздендіру және ашықтықты қамтамасыз ету болды. Мамандардың айтуынша, бүгінде қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде бірыңғай «Enbek.kz» порталы арқылы рәсімдеу – басты талаптардың бірі. Бұл жүйе тек жұмыс берушілер үшін ғана емес, жұмыс іздеушілер үшін де тиімді. Өйткені, электронды форматта ұсынылған деректер кез келген азаматқа қолжетімді болып, жұмысқа орналасу процесін жеңілдетеді.
Кездесуде мамандар порталдың мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіріп берді. Атап айтқанда, «Enbek.kz» жүйесі арқылы жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын жариялап, үміткерлердің түйіндемесін онлайн қабылдай алады. Ал жұмыс іздеушілер өз кезегінде бос орындарға өтініш беріп, тікелей жұмыс берушімен байланыс орнатады. Бұл еңбек нарығында ашықтықты күшейтіп, кадр іріктеу сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жиынға қатысқан білім беру мекемелерінің басшылары еңбек нарығындағы соңғы өзгерістерді талқылап, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мәселен, жас мамандарды тарту, уақытша және маусымдық жұмыстарға қабылдау, сондай-ақ әлеуметтік санаттағы азаматтарды еңбекке орналастыру мәселелері қозғалды. Мамандар барлық сұрақтарға толыққанды жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, жиын барысында жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығы атап өтілді. Еңбекші ауданы соңғы жылдары халық санының өсуімен және жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуымен ерекшеленіп отыр. Бұл өз кезегінде жаңа кадрларға деген сұранысты арттырады. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында кадр тапшылығы бар екендігі айтылды.
Еңбекші аудандық мансап орталығының мамандары мұндай кездесулерді тұрақты өткізіп тұрудың маңыздылығына тоқталды. Олар еңбек нарығын дамытудың басты тетігі – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тиімді байланыс орнату екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда «Enbek.kz» порталы еңбек ресурстарының қозғалысын реттеуде және жаңа жұмыс орындарын дер кезінде толтыруда маңызды рөл атқарады.
Жиын қорытындысында еңбек нарығында ашықтықты қамтамасыз ету, электронды жүйелерді белсенді пайдалану және жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беру – аудандағы басты міндеттердің бірі екендігі айтылды. Қатысушылар мұндай кездесулердің тәжірибемен бөлісуге және мемлекеттік бағдарламаларды түсінуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

