Түркістан қаласында тауардың шығу тегін ресімдеу, растау және сертификат беру саласында жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлау жалғасуда. Осы бағыттағы оқу бағдарламасының екінші легі басталып, оған сертификаттау саласында қызмет атқаратын мамандармен қатар, осы бағытта жұмыс істеуге ниетті кандидаттар қатысуда.
Бес күнге жоспарланған бағдарлама теориялық біліммен ғана шектелмейді. Қатысушылар тауардың шығу тегін анықтаудың негізгі қағидаларын меңгеріп, сертификаттарды іс жүзінде рәсімдеу және электрондық жүйелерде жұмыс істеу тәртібімен танысады.
Мамандардың кәсіби дайындығы кәсіпкерлер үшін ерекше маңызға ие. Отандық өндіруші өнімін ішкі немесе сыртқы нарыққа шығарған кезде тауардың шығу тегін растайтын құжаттарды талапқа сай рәсімдеуі қажет. Бұл үдерісте уәкілетті маманның білімі мен тәжірибесі құжаттарды дұрыс дайындауға және рәсімдер барысында қателіктерді азайтуға ықпал етеді.
Оқу барысында Қазақстандағы преференциялық және преференциялық емес сауда режимдері, экспорттық және реэкспорттық тауарларға сертификат беру тәртібі, халықаралық сауда келісімдері және тауардың шығу тегін верификациялау мәселелері қарастырылады.
Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – электрондық сертификаттау жүйесімен практикалық жұмыс. Қатысушылар электрондық жүйелердегі жұмыс алгоритмдерін меңгеріп, сертификаттарды рәсімдеу кезеңдерімен танысады. Цифрлық рәсімдерді дұрыс пайдалану құжат айналымын тиімді ұйымдастыруға және кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе өндірістік кәсіпкерлікті дамыту жағдайында маңызды. Түркістанда жаңа өндірістер ашылып, жергілікті өнімдердің түрі көбейген сайын кәсіпкерлерге тауардың шығу тегін растау бойынша сапалы қызмет көрсету қажеттілігі де артады.
Сертификаттау ішкі нарықтағы қазақстандық өнімді айқындау үшін де маңызды құралдардың бірі. Тауардың шығу тегінің талаптарға сәйкес расталуы отандық өндірушілердің өнімін нақты сәйкестендіруге және қазақстандық қамту көрсеткіштерінің ашықтығын қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Ал сыртқы нарыққа шығуды жоспарлайтын кәсіпкерлер үшін халықаралық сауда келісімдерінің талаптарын дұрыс қолдану маңызды. Осыған байланысты оқу бағдарламасында Қазақстанның сауда саясаты, халықаралық келісімдер аясындағы тауардың шығу тегін анықтау талаптары және қолданыстағы нормативтік-құқықтық база жеке қарастырылады.
Мамандарды даярлау кәсіпкерлер үшін сертификаттау рәсімдерінің түсінікті әрі біркелкі жүргізілуіне де ықпал етеді. Бірдей талаптардың дұрыс қолданылуы бизнес өкілдерінің артық уақыт жоғалтуын азайтып, құжаттарды қайта рәсімдеу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіби мамандардың болуы экспорттық әлеуеті бар кәсіпорындарды қолдау жүйесінің тиімділігін арттырады. Кәсіпкер өндіріс көлемін кеңейтіп, жаңа нарыққа шығуға дайын болған кезде қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеу оның сауда операцияларын ұйымдастырудағы маңызды кезеңдердің біріне айналады.
Оқу бағдарламасының соңында қатысушылар тестілеу мен ауызша емтихан тапсырып, алған білімдері мен кәсіби құзыреттерін қорытындылайды. Бағдарламаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Тауардың шығу тегін сертификаттау департаменті ұйымдастырып отыр.
Осы тұрғыдан сертификаттау саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, электрондық рәсімдерді тиімді қолдану және кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметті жетілдіру Түркістандағы отандық өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтарға шығуына қолайлы жағдай қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Түркістанда сертификаттау мамандарын даярлау отандық кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді


