Түркістанның келбеті – түркістандықтан басталады

Түркістанның келбеті – түркістандықтан басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында елдегі жол сапасы мен оның бойындағы инфрақұрылымның, соның ішінде санитарлық нысандардың жағдайын бірнеше рет қатаң сынаған болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында республикамызда алғаш рет Түркістан облысында «Жол жиегі - ел келбеті» атты акция басталды.

Аталған акция облыстың барлық аудан-қалаларында, бір мезетте өткізілді. Тазалық іс-шарасына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев арнайы қатысты. Сондай-ақ, аудан басшылары мен мекеме қызметкерлері атсалысты. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары аудандардағы автомобиль жолдарының санитарлық жағдайы, жол бойындағы аумақтардың тазалығы, абаттандыру жұмыстары және қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан шаралармен танысты.

Сонымен қатар, жауапты сала басшылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жол бойындағы тазалықты сақтау, анықталған кемшіліктерді жою және тазалық жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, акцияға облыс бойынша 85 мыңға жуық адам және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Бұл қатарда әкімдік қызметкерлері, коммуналдық мекемелер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының ұжымдары және ерікті жастары мен тұрғындар бар.

«Жол жиегі - ел келбеті» акциясының негізгі мақсаты – автомобиль жолдарының бойын таза ұстау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Аталған акция Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында жалғасатын болады.

Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 17 692 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы - 3 983,3 шақырым.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ