Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанға шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
– Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын. Ең басты міндет – халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру. Бүгінде Түркия – әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Бұл Президент Режеп Тайип Ердоғанның арқасы екеніне бүкіл әлем куә, бұған ешкімнің күмәні жоқ. Тағы да атап өту қажет: Түркияның биік белестерге шығып, зор табысқа жетуі оның жоғары басшысының көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы сан қырлы ықпалдастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.
– Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығая түсті. Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткіздік. Нәтижелі кеңес болды. Өзара серіктестікке серпін беретін басым бағыттарды айқындадық. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға уағдаластық. Осы мақсатты жүзеге асыруға құқықтық негіз болатын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Ең бастысы, қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларацияны қабылдадық. Бұл тарихи құжат, шын мәнінде, халықтарымыздың бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысының бірегей нышаны екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Түркия еліміздің ірі инвесторларының қатарына кіретінін атап өтті.
– Бүгінге дейін түрік кәсіпкерлері экономикамызға 6 миллиард доллар көлемінде қаражат салды. Қазақстанның да бауырлас мемлекетке салған инвестициясы өсіп, шамамен 2,5 миллиард долларға жетті. Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі. Сондай-ақ Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар. Бүгін біз қатысқалы отырған Қазақстан-Түркия бизнес форумы екі елдің сауда-экономикалық ықпалдастығына тың серпін береді деп сенеміз. Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан түрік компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі стратегиялық жобаларға атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда барлық меншік түріне кепілдік берілетінін мәлімдеді.
– Соның ішінде шетелдік меншік пен инвесторлардың құқығы жан-жақты қорғалады. Бұған қоса, түрік бауырларымызға Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдануға болады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер беріледі. Қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскені анық. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы жүк тасымалы тұрақты дамып жатыр. Былтыр теміржол арқылы жүк тасымалы 35 пайызға, автокөлік арқылы жүк тасымалы 5 пайызға ұлғайды. Біздің елдерімізді Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір деуге болады. Осы ортақ игілігімізді барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан қадірлі Режеп Тайип Ердоған мырзамен нақты жобалар арқылы «Орта дәліздің» әлеуетін арттыруға уағдаластық. Бұл қос халықтың мүддесіне толық сай келеді. Осы ретте, әуе тасымалы мен «cargo» саласының маңызы ерекше екенін айта кету керек. TAV Airports Holding компаниясы Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отыр. Біз бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар түрік инвесторларын көлік-логистика саласындағы басқа да жобаларға белсене атсалысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Түркия Президентімен келіссөз кезінде энергетика кешеніне қатысты мәселелерге ерекше тоқталғанын жеткізді.
– Мұнай-газ нарығындағы жағдайды ескере отырып, осы бағыттағы ықпалдастықты жандандыруға уағдаластық. Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Біз мұны құптаймыз. Еліміз ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі. Сонымен қатар біз тау-кен саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отырмыз. Түрік компанияларының кен орындарын игеру, металды қайта өңдеу және құйма өндірісі саласындағы тәжірибесі мол. Осыған орай, бауырлас елдің кәсіпкерлерін еліміздегі ірі жобаларға белсене атсалысуға шақырдым. Тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде Tiryaki Agro және Alarko Holding компанияларының жұмысын атап өткім келеді. Сонымен қатар біз Түркия Президентімен жақын арада ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға арналған Жол картасын қабылдауға келістік. Бұл қадам дәнді-дақыл экспортын арттыруға ықпал етеді. Түркияның заманауи агротехнологияны кеңінен қолданып жатқаны белгілі. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ақпараттық технологияларды дамыту, экономиканың түрлі саласында озық цифрлық тәсілдерді қолдану – заман талабы.
– Жуырда мен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Мұны еліміздің болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деуге болады. Нақтырақ айтқанда, біз білім беру жүйесін әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне баса мән беріп отырмыз. Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Бұл бағытта екі ел кәсіпкерлері бірқатар табысты жобаларды жүзеге асырды. Әсіресе, қазақ-түрік цифрлық платформаларын атап өткен жөн. Kaspi.kz компаниясы Түркияның Hepsiburаda компаниясының жұмысын жандандырады. Ал Freedom Holding Түркия нарығында цифрлық экожүйе мен брокерлік қызметті қалыптастырады. Сондай-ақ «Борса Ыстанбұл» түрік биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығы меморандумға қол қойды. Мұның бәрі екі елдің цифрлық сауда саласындағы ықпалдастығын одан әрі күшейтері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі.
– Бұл маңызды мәселе әрдайым назарда болады. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. Бүгін Газиантеп провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар үшін Қазақстанның атынан салынған жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл – қазақ халқының түрік еліне көрсеткен қолдауы мен ыстық ықыласының айқын көрінісі. Сапар аясында тиісті министрліктер Астана мен Алматыда «Маариф» қорының екі мектебін ашу туралы меморандумға қол қойғанын айрықша атап өткен жөн. Осы мектептер саналы ұрпақ тәрбиелейтін іргелі білім ордасы ретінде қызмет етеді деп сенемін. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Көп созбай құрылысты бастаймыз. Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық та табысты дамып келеді. Қазір 14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатыр. Сондай-ақ 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істей бастайды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда филиал ашуды жоспарлап отыр. Біз бұл игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, медицина, туризм саласындағы байланысымызды нығайта береміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасында өзара құрмет пен сыйластыққа, бауырластық пен достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанына назар аударды.
– Бұл – Президент Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасы екені сөзсіз. Режеп бей екі елдің бірлігін бекемдеуге айрықша үлес қосуда. Сондай-ақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік ықпалдастығын күшейтуге мол еңбек сіңіріп келеді. Сондықтан мен қадірлі досым, бауырым Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің рухани көсемі – Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттадым. Мұны барша қазақ елінің түрік жұртына және Түркия Президентіне деген зор құрметінің көрінісі деуге болады. Ердоған мырза осы беделді награданың тұңғыш иегері екенін ерекше атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Түркия елінің Бірінші ханымы Эмине Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында аса маңызды «Zero Waste» жобасын ұсынып, ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.
– Осы бастама елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз Эмине ханымның аса қажетті жобасын белсенді түрде қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Мәртебелі Режеп Тайип Ердоған мырзамен әлемдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.
– Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығып тұрғанына алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық құқықтың және әмбебап ұйымдар ықпалының әлсіреуі туралы ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін қамтамасыз ету және әділдік қағидатын ұстану мәселесіне қатысты ортақ байламға келдік. Барлық дау-дамайлар мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Түркия алдағы уақытта да халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын жалғастыра береді. Біз жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін нығайту – халықтарымыздың ортақ мақсат-мұраты екенін атап өтті.
– Біз тарихи тамыры терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, қазіргі сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз. Бұл қос халықтың алдында тұрған қасиетті парыз деп санаймын. Құрметті Президент мырза! Ардақты бауырым, досым! Өзіңізге және делегация мүшелеріне мазмұнды келіссөздер үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ынтымағымыз арта берсін! Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі болсын! – деді Қазақстан Президенті.
Режеп Тайип Ердоған бүгінгі келіссөздер барысында экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Сондай-ақ Түркия Президенті екі елдің іскерлік орталары арасындағы ықпалдастықты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
– Жібек жолының бүгінгі баламасы ретінде Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы күн санап артып келеді. Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз. Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта тілде, пікірде, істе бірлік ұранымен байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Түркі әлемінің мәдени қазыналарын, ұлы тұлғалардың идеяларын, шығармалары мен рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттауды ортақ жауапкершілігіміз деп білеміз, – деді Режеп Тайип Ердоған.

