Алматы қаласында 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық есептілікті ұсыну тәртібіндегі негізгі өзгерістер түсіндірілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз алаңында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бұл реформалар салық төлеушілер үшін әкімшілік жүктемені азайтуға, рәсімдерді жеңілдетуге және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Өзгерістер әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар үшін маңызды болмақ.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Бақытгүл Сейтованың айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында салықтық есептілік нысандарының саны едәуір қысқарады. Қазіргі таңда қолданыстағы 39 есептілік формасы 2026 жылдан бастап 28-ге дейін азайтылады. Бұл шамамен 30 пайыздық қысқартуды білдіреді. Жалпы алғанда, 2009 жылдан бері салық есептілігі нысандарының саны 70-тен 39-ға дейін азайып, 44 пайызға қысқарған. Алдағы өзгерістер осы үрдістің логикалық жалғасы ретінде қарастырылып отыр.
Кейбір есептілік нысандары автоматтандырудың енгізілуіне байланысты немесе басқа декларацияларға біріктіру арқылы алынып тасталады. Сонымен қатар жекелеген салық режимдерінің күшін жоюы да формалар санының қысқаруына әсер еткен. Бұл салық төлеушілерге бірдей мазмұндағы бірнеше құжат тапсыру қажеттілігін жойып, есептілік процесін анағұрлым түсінікті етеді.
Маңызды жаңалықтардың бірі – нөлдік салықтық есептілікті автоматты түрде қалыптастыру тетігінің енгізілуі. Егер жеке кәсіпкер, заңды тұлға немесе жеке тұлға салықтық есептілікті белгіленген мерзімде тапсырмаса, мерзім аяқталған соң салық органдарының ақпараттық жүйесі автоматты түрде нөлдік есептілікті қалыптастырады. Мұндай есептілік нөлдік көрсеткіштермен тапсырылған деп есептеледі. Бұл механизм интернетке қолжетімділік болмаған жағдайда, төтенше жағдайлар кезінде немесе басқа да күтпеген жағдайларда салық төлеушілер үшін өзекті болмақ.
Автоматты түрде қалыптасқан нөлдік есептіліктен кейін сол кезеңге қатысты есептілікті тек қосымша салықтық есептілік ретінде тапсыруға болады. Ал егер қағаз түріндегі есептілік белгіленген мерзімде тапсырылып, «қабылданды» мәртебесін алған болса, ол есеп жарамды деп танылады. Бұл өзгеріс салықтық тәртіпті реттеп, жүйедегі артық әрекеттерді азайтуға бағытталған.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтық есептілікті қайтарып алу институты толықтай жойылады. Бұрын тапсырылған есептілікті кері қайтарып алу мүмкіндігі болмайды. Тек Еуразиялық экономикалық одақ аясында қолданылатын 328.00 нысаны – тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қана ерекшелік ретінде сақталады. Бұрын берілген деректерді түзету тек қосымша есептілік немесе хабарлама тапсыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл өзгеріс салық төлеушілердің жауапкершілігін арттырып, деректерді бірнеше рет өзгерту тәжірибесін шектеуге бағытталған.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап салықтық есептілікті тапсыру мерзімін ұзарту мүмкіндігі де жойылады. Қолданыстағы Салық кодексіндегі осыған қатысты норма күшін жояды. Алайда бұл өзгеріспен қатар есептілікті уақытында тапсырмағаны үшін қолданылатын бірқатар санкциялар да алынып тасталады. Олардың қатарында №17 хабарлама жіберу, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату және әкімшілік айыппұлдар бар. Бұл қадам бизнесті жазалауға емес, сервистік қолдау көрсетуге бағытталған тәсілді күшейтуге арналған.
Қосылған құн салығына қатысты есептілік тәртібіне де маңызды өзгерістер енгізіледі. 2026 жылдан бастап ҚҚС декларациясы 300.00 нысаны есепті айдан кейінгі айдың 15-інен екінші айдың 15-іне дейінгі кезеңде тапсырылады. Бұл электрондық шот-фактуралар толық ескерілмеген немесе дерегі жеткіліксіз декларациялардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚҚС декларациясы қағаз түрінде, халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе пошта арқылы қабылданбайды.
Салықтық есептілікті тапсыру бұрынғыдай электрондық форматта жүзеге асырылады. Ол үшін ИСНА КНП, СОНО, ЭЦҚ, eGov және eGov mobile порталдары, e-Salyq Azamat, e-Salyq Business мобильді қосымшалары, сондай-ақ банктердің мобильді сервистері қолданылады. Барлық форматтық-логикалық бақылау ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
Мемлекеттік кірістер департаменті сервистік қолдауды да жалғастырады. Жаңадан тіркелген тұлғаларды оқыту, сервистік топтар арқылы көмек көрсету, мүгедектігі бар азаматтарға, 80 жастан асқан адамдарға, шалғай елді мекен тұрғындарына және уақытша еңбекке жарамсыз тұлғаларға қолдау көрсету сақталады. Жалпы алғанда, енгізілетін өзгерістер салықтық рәсімдерді жеңілдетіп, қателер санын азайтуға және салық жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

