Алматының 2030 жылға дейінгі Даму жоспары мегаполисті кешенді жаңғыртуға бағытталған

Алматының 2030 жылға дейінгі Даму жоспары мегаполисті кешенді жаңғыртуға бағытталған

Алматы қаласында 2026–2030 жылдарға арналған Даму жоспары таныстырылып, мегаполистің алдағы бес жылдағы даму траекториясы айқындалды. Қалалық мәслихаттың XXXIX сессиясында ұсынылған бұл құжат экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бағдар ретінде ұсынылды. Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, жоспар қаланы басқарудың жүйелі тәсілін қалыптастырып, ұзақ мерзімді тұрақты дамуға негіз қалайды.

Даму жоспары жеті негізгі басым бағытты қамтиды. Олар – тұрақты экономикалық өсім, көлік жүйесін кешенді дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылық пен орнықтылық, экологиялық өмір сапасын арттыру, цифрлық трансформация және қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағыттар бір-бірімен тығыз байланысып, Алматының заманауи әрі бәсекеге қабілетті мегаполис ретінде дамуына қызмет етеді.

Экономикалық блокта нақты мақсаттар белгіленген. 2030 жылға қарай қаланың жалпы өңірлік өнімін екі есеге ұлғайту көзделіп отыр. Инвестиция көлемін 7 трлн теңгеге жеткізу және шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 65 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Бұл ретте кәсіпкерлікті қолдау, индустриялық аймақтарды кеңейту және инвестициялық ахуалды жақсарту негізгі құрал ретінде қарастырылуда. Экономикалық өсіммен қатар туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінбек, себебі бұл сала қызмет көрсету секторын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Туризм бағыты аясында Алматының тау кластерін дамытуға басымдық берілген. Жоспарға сәйкес, 350 шақырым тау соқпағы абаттандырылып, аспалы жолдар желісі кеңейтіледі. Тау-шаңғы инфрақұрылымының қабылдау қуаты 5 есеге арттырылады. Сонымен қатар 2030 жылға дейін қалада 7 мың нөмірге арналған 60 жаңа орналастыру нысанын салу жоспарланған. Бұл шаралар Алматының халықаралық туристік орталық ретіндегі тартымдылығын күшейтуге бағытталған.

Көлік жүйесін дамыту жоспары да ауқымды. Қала жолдарын магистральдық логистикалық дәліздермен біріктіру, метро желісін кеңейту және LRT желісін іске қосу көзделген. Сонымен қатар 42 BRT дәлізін құру және 100 шақырымнан астам жаңа жол салу жоспарланып отыр. Осы шаралардың нәтижесінде қоғамдық көлікпен күн сайынғы жолаушылар тасымалы 3 млн сапарға дейін жетеді деп күтілуде. Бұл көлік қолжетімділігін арттырып, кептелістерді азайтуға ықпал етеді.

Қалалық ортаны дамытуда полицентрлік модельге көшу негізгі басымдықтардың бірі болып отыр. Тарихи орталықтағы жүктемені азайту үшін жаңа тартылыс нүктелері қалыптастырылады. Жоспар аясында 38 қоғамдық кеңістік салынып немесе жаңғыртылады, 68 қала көшесі кешенді түрде жаңартылады. Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін Алматы тұрғындары толықтай орталықтандырылған сумен қамтылмақ.

Әлеуметтік блокта 130-дан астам нысанды салу және жаңғырту қарастырылған. Бұл жаңа мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау ұйымдары, стационарларды жаңарту, мәдениет ошақтары мен спорт инфрақұрылымын дамыту жобаларын қамтиды. Бұл шаралар халық санының өсуіне сай әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Экология саласында да нақты мақсаттар қойылған. Кең көлемді көгалдандыру жүргізіліп, заманауи суару жүйелері енгізіледі. Жылу көздерінен шығатын зиянды заттардың көлемін 13 есеге азайту және қоғамдық көлікті толық экологиялық қауіпсіз ету жоспарланған. Бұл Алматының экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындар денсаулығына оң әсер етеді.

Цифрландыру бағыты аясында «қаланың цифрлық егізі» жасалып, инженерлік желілердің жүктемесін болжау және басқару мүмкіндігі енгізіледі. Зияткерлік басқару жүйелері көлік қозғалысын оңтайландырып, ауаға бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтуға көмектеседі.

Қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмаған. Жоспар бойынша жаңа форматтағы 20 учаскелік полиция пункті ашылады, 400 әлеуметтік, 200 тұрғын және 150 инфрақұрылымдық нысан сейсмикалық тұрғыда күшейтіледі. Сонымен қатар 20 өрт депосы салынып немесе жаңғыртылады.

Жалпы алғанда, 2030 жылға дейінгі Даму жоспары Алматының экономикалық әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған кешенді стратегиялық құжат ретінде ұсынылып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар, сондай-ақ жаңа...

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова жаңа...

В ходе девятого заседания Комиссии по конституционной реформе директор Института философии, политологии и религиоведения Айгуль Садвакасова...

Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9...