13-14 маусым күндері Шымкент қаласындағы «Шымсити», Абай, Жеңіс, Тәуелсіздік және Орталық саябақтарында, сондай-ақ А. Асқаров атындағы Дендросаябақта дәстүрлі «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасы өтті.
Мәдени шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары шаһардағы үздік өнер ұжымдарының шығармашылығын тамашалауға мүмкіндік алды. Концерттік бағдарлама аясында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары, Шымкент қалалық қуыршақ театры мен Жастар театры, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, сондай-ақ Шымкент циркінің өнер ұжымдары көрермендерге өз өнерлерін паш етті.
Айта кетейік, жаз мезгілінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымқала кештері» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан өтуде. Жобаның басты мақсаты – тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыру, жергілікті өнер ұжымдарының шығармашылығын насихаттау және мәдениет пен өнерді көпшілікке кеңінен дәріптеу.
Кеш барысында саябақтарға жиналған көрермендер әсерлі әндер мен әсем әуендерді тыңдап, театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Осылайша, мәдени жоба қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өнерсүйер қауымның басын қосты.
Дәстүрлі «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасы алдағы күндері де өз жалғасын тауып, шымкенттіктер мен қала қонақтарын жаңа мәдени кештермен қуантпақ.

