Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, қоқыс полигондарын талапқа сәйкестендіру және қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жұмыстарды күшейту мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында өңірдегі экологиялық ахуалға тікелей әсер ететін өзекті түйткілдер сараланып, жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді.
Облыс аумағында бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 128 полигон бар. Оның 35-і аудандық деңгейде, 40-ы ауылдық округтерде орналасқан, ал 50 полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде бұл полигондардың басым бөлігі санитарлық-экологиялық талаптарға толық сәйкес келмейтіні анықталған. Атап айтқанда, инфрақұрылымның тозуы, қоршаулардың болмауы, қалдықтарды сұрыптау жүйесінің жеткіліксіздігі және бақылаудың әлсіздігі экологиялық қауіптің артуына себеп болып отыр.
Мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы жағдайға байланысты аудан, қала әкімдерінің жұмысын сынға алып, мәселені шешуге жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондарды талапқа сәйкестендіріп қана қоймай, оларды оңтайландыру, тиімді пайдалану және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың өз міндеттемелерін толық орындауын қатаң бақылау керектігі ескертілді.
Облыс басшысы бей-берекет қоқыс орындарының алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуді де тапсырды. Бұл ретте жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыру қажеттігі де айтылды.
Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 10 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын оңтайландыру және санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2024–2026 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы жоспар аясында өткен жылы облыстық бюджеттен 598 млн теңге бөлініп, 3 жаңа полигонның құрылысы жүргізілген.
Жоспар бойынша биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33 нысанды жабу көзделген болатын. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан бұл бағытта тиісті жұмыстар толық орындалмаған. Сонымен қатар 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру жоспарланған. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында 3, Шардара ауданында 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалардың жалпы құны 537,7 млн теңгені құрайды.
Қалдықтарды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында өңірде қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі мен қайта өңдейтін 3 қондырғы орнату жоспарланып отыр. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі маңызды жобаны жүзеге асыруда. Компания «Жасыл даму» АҚ тетігі арқылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруын пайдаланып, қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотоктарын шығаратын қондырғы алуда. Бұл жоба өңірде қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Түркістан облысын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына» сәйкес, 2025 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 31 пайызға жеткізу межеленген. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 30 пайызға жетіп отыр. Ал 2026 жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 33 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыста бей-берекет қоқыс орындарын жою бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімдері нәтижесінде облыс аумағында 16 аудан бойынша 249 заңсыз қоқыс нүктесі анықталған. Қазіргі таңда бұл аумақтардың барлығы толық тазартылып, экологиялық қауіптің алдын алу шаралары қабылданған.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қалдықтарды басқару мәселесі тек бір мекеменің емес, барлық деңгейдегі атқарушы органдардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Алдағы уақытта қоқыс полигондарын реттеу, қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық талаптарды сақтау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауда болып, бұл салада нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделіп отыр.

