Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылып келеді. Өңірде экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жыл бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Осы мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды. Оның мәліметінше, өткен аптаның өзінде облыс аумағында 114 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 32 945 тұрғын белсене қатысқан. Нәтижесінде елді мекендерден 171 тонна қоқыс шығарылып, көшелер, қоғамдық орындар, саябақтар мен жол бойлары тазартылған. Бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты түрде бақылауда екенін айтқан ол, экологиялық жұмыстардың тек науқандық сипатта емес, жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров тазалық мәселесіне ерекше тоқталып, жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы көктем мен жаз мезгілдерімен шектелмеуі тиіс. Қыс пен күз айларында да елді мекендердің тазалығына, санитарлық талаптардың сақталуына және қоғамдық тәртіпке баса мән беру қажет.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жылдың төрт мезгілінде де жалғасуы керек. Әлі де тазалыққа қатысты түйткілдер бар. Оны аудандарға іссапар барысында өз көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан жұмысты жүйелеп, нақты нәтижеге бағыттау қажет, – деді облыс басшысы.
Осыған байланысты ол жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, тазалық жұмыстарының тиімділігін арттыруды, бақылауды күшейтуді және тұрғындарды кеңінен тартуды тапсырды.
Өткен айдың қорытындысына тоқталған мәжілісте Сарыағаш ауданында ұйымдастырылған ауқымды экологиялық акция ерекше атап өтілді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен бұл шара барысында 11 мың түп ағаш көшеті отырғызылып, оған 3 мыңға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен қатар 18 тонна қоқыс жиналып, елді мекендердің көркі жақсара түсті. Бұл жұмыстар өңірде жасыл желекті көбейтуге, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және тұрғындардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында 101 билборд орнатылып, тұрғындарға арналған 609 бейнеролик әзірленген. Бұл материалдар арқылы тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен насихатталуда.
Сонымен қатар экологиялық мәселелерге қатысты тұрғындардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесінің жұмысы да назарға алынды. Қазіргі таңда аталған платформаға 3 423 өтінім келіп түскен, оның 3 420-сы орындалып, нақты шешімін тапқан. Осыған байланысты облыс әкімі аудан-қала әкімдіктеріне бұл платформаны халық арасында кеңінен насихаттап, тұрғындардың белсенділігін арттыруды тапсырды.
Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзу деректері бойынша да нақты шаралар қабылданып жатыр. Жыл басынан бері облыс аумағында 27 137 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Сонымен қатар ауыл округі әкімдері өз құзыреті аясында 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Оның 21,3 млн теңгесі өндірілген.
Мәжіліс қорытындысында Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек тазалық шаралары ғана емес, тұрғындардың өмір салтын өзгертуді, экологиялық жауапкершілікті арттыруды көздейтін ұзақ мерзімді бастама екенін атап өтті. Алдағы уақытта да өңірде тазалық, тәртіп және экологиялық мәдениет бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, бұл саладағы бақылау күшейтілетін болады.

