Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен ресми кездесу өткізді. Басқосуда екіжақты ынтымақтастықты нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету, сондай-ақ туризм, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты қаралды. Кездесу өзара түсіністік пен серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған мазмұнды келіссөздер форматында өтті.
Облыс әкімі кездесуде Түркістанның тарихи, мәдени және экономикалық маңызына кеңінен тоқталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік сипатта дамып келеді және бұл байланыстар экономика, қорғаныс, ғылым, мәдениет сияқты маңызды салаларды қамтиды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылғаннан бері өзара сенім мен құрметке негізделген әріптестік жүйелі түрде нығайып келеді.
Нұралхан Көшеровтің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3,8 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш әлеуеттің әлдеқайда жоғары екенін аңғартады. Осы тұрғыда Түркістан облысы Үндістанмен экономикалық байланыстарды кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі өңір ретінде өз мүмкіндіктерін ұсынуға дайын.
Облыс басшысы Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы ретінде таныстыра отырып, өңірдегі туризмді дамыту перспективаларына ерекше назар аударды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің құнды мұрасы екені атап өтілді. Осы ретте Нұралхан Көшеров Үндістандағы Тәж-Махал кесенесімен тарихи-мәдени үндестікті тілге тиек етіп, екі ел арасында туристік байланыстарды күшейтудің маңызын айтты.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында облыс әкімі Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың мүмкіндігін пайдалана отырып, Үндістан бағытында тікелей әуе рейстерін ашу жолдарын қарастыруды ұсынды. Бұл бастама туристер ағынын арттыруға, екі ел арасындағы мәдени және іскерлік байланыстарды жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Түркістан өңірінде тарихи ескерткіштермен қатар, табиғи ландшафттар, сауықтыру және зиярат туризмі нысандары шоғырланғаны айтылды.
Кездесу барысында өңірдің инвестициялық ахуалына да ерекше назар аударылды. Түркістан облысында қазіргі таңда 20 индустриалды аймақ пен жалпы аумағы шамамен 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл аймақтарда инвесторларға дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер, жобаларды жедел іске асыруға қолайлы жағдайлар ұсынылады. Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісі кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді.
Ауыл шаруашылығы саласы да кездесу барысында негізгі тақырыптардың бірі болды. Түркістан облысы елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қолайлы климаттық жағдайлар жыл бойы егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үндістанның тәжірибесі мен технологияларын енгізу, бірлескен агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангал Түркістан өңірінің әлеуетіне жоғары баға беріп, туризм және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытты. Елші Түркістан мен Шымкент қалаларын қамтитын арнайы туристік турпакеттер әзірлеу мүмкіндігін ұсынды. Оның айтуынша, Үндістан туристері үшін тарихи және мәдени орындарға бай өңірлер әрдайым тартымды.
Сондай-ақ Сайлас Тангал Үндістанда тоқыма және мақта кластері жақсы дамығанын атап өтіп, осы салада бірлескен өндірістік жобаларды қарастыруға дайын екенін жеткізді. Индустриалды аймақтар мен инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері туралы толық ақпарат алғанын айтып, әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар туризм, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін байланыстарды жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты. Алдағы кезеңде ұсынылған бастамалар нақты жобаларға ұласып, Түркістан облысы мен Үндістан арасындағы серіктестік жаңа мазмұнмен толыға түспек.

