Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту, өндіріс саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунминмен және «Turan Shenhua» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен арнайы кездесу өткізді. Басқосу барысында өңірде жаңа өндірістік жобаларды іске асыру, екіжақты іскерлік байланыстарды кеңейту және ұзақ мерзімді әріптестікті нығайту мәселелері жан-жақты қаралды.
Кездесу барысында инвесторлар Түркістан облысында мұздатқыш шығаратын заманауи зауыт салу жөніндегі өз ұсыныстарын таныстырды. Аталған бастама өңір үшін жаңа бағыт саналатын тұрмыстық техника өндірісін дамытуға жол ашпақ. Бұған дейін Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын зауытты іске қосып, өндірістік жобаны табысты жүзеге асырған инвесторлар енді осы тәжірибені кеңейтіп, жаңа зауыт ашуға ниетті екендерін жеткізді. Бұл жоба облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып, өңірдің шетелдік инвесторлар үшін тартымды аймақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы бүгінде еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі ретінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм салаларында үлкен әлеуетке ие. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы өңірді ірі инвестициялық жобалар үшін қолайлы алаңға айналдырып отыр.
Облыс басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы әлемдік нарықтарға тікелей шығу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде өндірілген өнімдерді ішкі нарықпен қатар, экспортқа да бағыттауға жол ашады. Сонымен қатар өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Бұл алаңдарда жер телімдері, инженерлік желілер және қажетті коммуникациялар алдын ала дайындалып, кәсіпорындарды қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу барысында «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері де сөз болды. Аталған аймақ терең өңдеу бағытындағы өндірістерді дамытуға арналған және оның қатысушыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Мұндай қолдау тетіктері шетелдік компаниялардың өңірде еркін әрі тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Нұралхан Көшеров облыс әкімдігі тарапынан барлық инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін, жобаларды сүйемелдеу және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері әрдайым назарда болатынын жеткізді.
Инвесторлар өз кезегінде Қазақстан Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдірді. Олар Түркістан облысында бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, жаңа жобаны іске асыруға толық дайын екендерін мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, мұздатқыш шығаратын зауытты іске қосумен қатар, алдағы уақытта тұрмыстық техниканың өзге де түрлерін өндіру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл өңірде өнеркәсіптік әртараптандыруды күшейтіп, қосымша өндіріс тізбегін қалыптастыруға ықпал етпек.
Жаңа жобаның жалпы инвестициялық құны 5,5 млрд теңгені құрайды. «Turan Shenhua» компаниясы өндіріс жұмыстарын 2026 жылы бастауды жоспарлап отыр. Зауыт толық іске қосылған кезде шамамен 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндіріс қуаттылығы жылына 250 мың дана мұздатқыш шығаруға есептелген. Кәсіпорынды Кентау қаласында орналастыру көзделуде, бұл қаладағы арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді. Алдағы уақытта жобаны іске асырудың нақты кезеңдері пысықталып, техникалық-экономикалық мәселелер бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бастама Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуына серпін беріп, өңір экономикасының тұрақты өсуіне өз үлесін қосады деп күтілуде.

