Түркістан: шетелдік компания өкілдері өндірістік парктердің жұмысымен танысты

Түркістан: шетелдік компания өкілдері өндірістік парктердің жұмысымен танысты

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, өндіріс көлемін ұлғайту және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты тереңдету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде ауқымды инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен мақұлданып, оларды іске асыру барысы тұрақты бақылауда. Осы жұмыстар аясында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация Түркістан қаласындағы және оған іргелес аумақтардағы өндірістік аймақтарды аралап, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты.

Шетелдік делегацияны Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, облыстың өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов және сала мамандары қарсы алып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Кездесу барысында Түркістан облысының географиялық орналасуы, көлік-логистикалық артықшылықтары, еңбек ресурстарының жеткіліктілігі және инвесторлар үшін қарастырылған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы толық ақпарат берілді.

Аралау жұмыстары алдымен «Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймағынан басталды. Делегация мүшелері мұнда орналасқан бірқатар ірі өндіріс орындарының қызметімен танысты. Атап айтқанда, «Түркістан Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта-тоқыма кластері көрсетіліп, шикізатты терең өңдеу, дайын өнім шығару және экспортқа бағытталған өндірістік тізбек таныстырылды. Сонымен қатар құбыр шығаратын зауыт пен бір реттік ыдыс өндіретін «Dala pack» кәсіпорнының өндірістік желілері көрсетіліп, олардың технологиялық мүмкіндіктері мен өндіріс қуаты таныстырылды. Шетелдік кәсіпкерлер зауыттардың ұйымдастырылу деңгейін, инфрақұрылыммен қамтылуын және жұмыс жүйесін оң бағалады.

Одан кейін жұмыс тобы Түркістан қаласының маңында орналасқан шағын өндірістік паркке барды. Бұл алаң инвесторлар үшін дайын өндірістік ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылымы бар тиімді платформа ретінде ұсынылып отыр. Делегация мүшелеріне мұнда орналасқан жиһаз өндіретін кәсіпорындардың, тұрмыстық тоңазытқыш шығаратын зауыттың, есік және дрон өндірісімен айналысатын нысандардың жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар көкөніс сақтауға арналған қоймалар мен ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелерін өндіру және пайдалану тәжірибесі көрсетілді.

Аралау барысында шетелдік инвесторлар өндірістік парктердің мүмкіндіктеріне, дайын инфрақұрылымның болуына және мемлекеттік қолдау шараларына ерекше қызығушылық танытты. Оларға жер телімдерін бөлу, инженерлік желілерге қосу, салықтық және кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ жобаларды сүйемелдеу мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме берілді. Тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылап, нақты бағыттар бойынша пікір алмасты.

Айта кету керек, аталған шетелдік делегация Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумына да қатысты. Форум аясында өңірдің дамуына серпін беретін бірқатар жобалар ұсынылып, инвестициялық ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Бұл форум Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға және жаңа серіктестер тартуға маңызды алаң болды.

Форумның негізгі мақсаты – өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды нығайту және кәсіпкерлік саласын дамыту. Осы мақсатта биыл жыл басынан бері Түркістан облысында 90-нан астам шетелдік компания өкілдерімен кездесулер өткізіліп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...