Түркістан облысында өнеркәсіп саласын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Соның айқын дәлелі – Кентау қаласындағы арнайы экономикалық аймақта газ қазандықтарын өндіретін жаңа зауыттың іске қосылуы. Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.
Жаңа өндіріс орнын «TURAN Shenhua» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып отыр. Жобаға жалпы көлемі 2,4 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорынның өндірістік ғимараты 2500 шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс желілері орнатылып, жылына 30 мың дана газ қазандықтарын шығару жоспарланған. Бұл өнімдер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда кеңінен қолданылатындықтан, нарықта сұранысқа ие.
Зауыттың іске қосылуы Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етуде. Қазіргі таңда кәсіпорында 40 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – шағын қала үшін маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары тұрғындардың табысын арттырып, өңірдегі еңбек нарығының жандануына ықпал етеді. Сонымен қатар өндірістің іске қосылуы қосалқы қызметтер мен жеткізу тізбегін дамытуға да серпін береді.
Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті дамыту, өңірлерге инвесторлар тарту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Кентаудағы газ қазандықтарын шығаратын зауыт сол нақты жұмыстардың нәтижесі екенін айтып, жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғыс білдіріп, кәсіпорын ұжымына табыс тіледі.
Кентау қаласының өндірістік әлеуеті соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Қала аумағында арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақ жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақтың жалпы жер көлемі 35 гектарды құрайды және толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда бұл аймақта екі жоба толығымен іске қосылған. Атап айтқанда, «KentauRedStar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» ЖШС-нің темірбетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Биыл арнайы экономикалық аймақта тағы 5 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде қосымша 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар Кентау қаласында индустриалды аймақ та бар. Оның жалпы аумағы 43 гектарды құрайды. Бұл аумақта алдағы кезеңде 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Жобалар толық іске асқан жағдайда 309 жаңа жұмыс орны ашылады. Индустриалды аймақтың басты артықшылығы – инвесторлар үшін дайын инфрақұрылымның болуы, өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беретін жағдайлардың жасалуы.
Бұдан бөлек, Кентау қаласында «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашу үшін 9,3 гектар жер телімі бөлінген. Бұл парк шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған өндірістік алаң ретінде қызмет етпек. Мұнда кәсіпкерлерге өндірістік ғимараттар, инженерлік желілер және қажетті инфрақұрылым ұсынылады. Шағын өнеркәсіп парктері өңірде жаңа бизнес бастамаларды қолдаудың тиімді тетігіне айналып келеді.
Жалпы алғанда, Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыттың іске қосылуы – Түркістан облысының индустриялық даму стратегиясының бір бөлігі. Бұл жоба өңірдің өндірістік базасын нығайтып, импортты алмастыруға, отандық өнім үлесін арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Алдағы уақытта да Кентау қаласында және жалпы Түркістан облысында инвесторлар тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстары жалғасын табады.

