Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен ресми кездесу өткізді. Басқосу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық, өндірістік және туристік әлеуетін таныстырып, француз компаниялары мен танымал брендтерді өңірде жұмыс істеуге шақырды.
Кездесу кезінде Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың ұзақ жылдарға созылған сенімді әріптестікке негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланыстар 1992 жылдан бері жүйелі түрде дамып келеді. Дәл сол жылы Қазақстан-Франция сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құрылып, екіжақты серіктестіктің институционалдық негізі қаланған. Бүгінде Қазақстан аумағында француз капиталының қатысуымен 170-ке жуық компания табысты жұмыс істеп, ел экономикасының әртүрлі салаларына үлес қосып келеді.
Өңір басшысы ынтымақтастықтың нақты әрі табысты мысалы ретінде Түркістан облысында орналасқан Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының бірлескен KATCO кәсіпорнын атап өтті. Бұл кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды және ол Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Мұндай жобалар екі елдің өзара сеніміне негізделген ұзақ мерзімді әріптестіктің нәтижесі екенін атап өткен облыс әкімі болашақта да осы форматтағы бірлескен бастамаларды іске асыруға толық дайын екенін жеткізді.
Нұралхан Көшеров Түркістан облысының тек өндірістік емес, туристік әлеуетінің де жоғары екенін атап өтті. Өңірде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан, бұл нысан жыл сайын мыңдаған шетелдік және отандық туристерді тартады. Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі туризм саласына инвестиция тартуға қосымша серпін беріп, мультипликативтік әсер қалыптастыратыны айтылды. Сонымен қатар өңір аумағында тарихи-мәдени ескерткіштер, көркем табиғи ландшафттар мен сауықтыру орындары шоғырланған, бұл туризмнің әртүрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымына да ерекше назар аударылды. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдай алатын халықаралық әуежайдың жұмыс істеуі өңірдің халықаралық қолжетімділігін арттырып, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Бұл фактор француз инвесторлары үшін де маңызды артықшылықтардың бірі ретінде атап өтілді.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетіне де тоқталды. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде алдыңғы орында тұр. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешенін, өнімді қайта өңдеу, сақтау және экспорттау бағытындағы жобаларды дамытуға кең жол ашады. Француз компаниялары үшін бұл салада бірлескен кәсіпорындар құруға, жаңа технологиялар енгізуге және экспортқа бағытталған өндірістерді жолға қоюға мүмкіндік мол.
Нұралхан Көшеров өңірде инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын атап өтті. Түркістан облысында индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істеп тұр, онда инвесторларға дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісі дамытылып келеді. Бұл алаңдар жаңа өндірістерді қысқа мерзімде іске қосуға және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Франция Республикасының Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге өз кезегінде Түркістан облысының даму әлеуетін жоғары бағалап, француз компанияларына өңірдің мүмкіндіктерін таныстыруға дайын екенін жеткізді. Ол әріптестікті ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс және сауда салаларында кеңейтуге қызығушылық бар екенін атап өтіп, жобаларды терең талдау және ақпарат алмасу қажеттігін айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екендерін білдіріп, нақты жобаларды бірлесе пысықтау жөнінде уағдаласты. Бұл басқосу Түркістан облысының халықаралық әріптестік аясындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, француз инвестицияларын тартуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

