Нұралхан Көшеров Қытайдың Қазақстандағы елшісімен стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылады

Нұралхан Көшеров Қытайдың Қазақстандағы елшісімен стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлиньмен ресми кездесу өткізді. Маңызды басқосу барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты қарастырды. Кездесу Түркістан өңірінің халықаралық серіктестіктегі рөлін күшейтіп, жаңа бірлескен жобаларға жол ашуға бағытталды.

Облыс әкімі өз сөзінде елшінің Түркістан облысына сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нақты мазмұнмен толықтырып, өңірлер деңгейіндегі байланысты жаңа сатыға көтеретінін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет басшылары 2025 жылғы қыркүйекте өткен жоғары деңгейдегі кездесуде жариялаған «Жаңа алтын 30 жылдық» бастамасы екі ел арасындағы қарым-қатынасты ұзақ мерзімді әрі жүйелі негізде дамытуға бағытталғанын жеткізді. Бұл бастама аясында өңірлер арасындағы ынтымақтастыққа басымдық беріліп, нақты экономикалық жобаларды іске асыруға кең мүмкіндіктер ашылып отыр.

Нұралхан Көшеров соңғы жылдары Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар провинциялары арасындағы байланыстардың айтарлықтай нығайғанына тоқталды. Облыстық делегацияның Қытайға жасаған ресми іссапарлары нәтижесінде Шаньси, Хэнань, Хубей және Хэйлунцзян провинцияларының әкімшіліктерімен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойылған. Бұл құжаттар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікті кеңейтуге берік негіз қалап, нақты жобаларды іске асыруға жол ашты. Бүгінде осы келісімдер аясында өзара сапарлар, іскерлік кездесулер және бірлескен бастамалар жүзеге асырылып келеді.

Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінде қытайлық инвесторлардың қатысуымен қолға алынған жобаларға кеңінен тоқталды. Қазіргі уақытта өңірде текстиль кластерін құру, желатин және май компоненттерін өндіру зауыты, көкөніс кептіру және қайта өңдеу кәсіпорны, қуаты 300 МВт күн электр станциясы, бейнебақылау камераларын шығару, еден жабындары өндірісі, сондай-ақ мата мен джинс маталарын өндіру жобалары іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң бағасын беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, жасыл экономика, жаңартылатын энергия көздері және инфрақұрылым салалары Қытай инвесторлары үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Елші бұл бағыттарда бірлескен жобаларды іске асыруға қытайлық компаниялардың дайын екенін жеткізді.

Нұралхан Көшеров өз кезегінде инвесторлар үшін Түркістан облысында қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Бүгінде өңірде жалпы аумағы 2397 гектарды құрайтын индустриалды аймақтар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар аумағы 4414 гектар болатын «Turan» арнайы экономикалық аймағы инвесторларға дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынады. Бұл алаңдар жаңа өндірістерді қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беріп, бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастырады. Бұдан бөлек, жаңа жобаларды жедел іске асыру үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынуда, онда дайын ғимараттар мен инженерлік желілер ұсынылады.

Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды. Бұл бағыттар Түркістан облысының экономикалық құрылымын әртараптандыруға және өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, білім беру және кадр даярлау саласында тәжірибе алмасу мәселелері де талқыланды.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдіріп, нақты жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Алдағы кезеңде бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыру, жаңа өндірістер ашу және өңіраралық байланыстарды нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады. Бұл келіссөздер Түркістан облысының халықаралық серіктестіктегі рөлін күшейтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің өңірлік деңгейде нақты нәтижелер беруіне ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...