Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында өңірге инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытындағы келіссөздер жүйелі түрде жалғасын табуда. Форум шеңберінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті кездесулер өткізіп, өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Кездесулерге Қытай Халық Республикасының ірі компания өкілдері қатысып, өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан облысының географиялық орналасуы мен транзиттік әлеуетіне ерекше тоқталды. Аймақ Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерінің торабында орналасқан. Бұл жағдай өндірістік кәсіпорындар ашу, өнімді экспортқа бағыттау және логистикалық шығындарды оңтайландыру тұрғысынан инвесторлар үшін айрықша артықшылық болып саналады. Сонымен қатар өңірде индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар және дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаңдар жұмыс істеп тұр. Бұл инвесторларға өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында шетелдік компаниялар күн және су электр станцияларын салу, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ туризм саласындағы жобалар бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Кейбір инвесторлар нақты дайын жобаларымен келіп, қаржы салуға дайын екендерін білдірді. Сонымен қатар облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, инфрақұрылымға байланысты түйткілдерді шешу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Форум аясында Сайрам ауданы үшін де маңызды келісімдерге қол қойылды. Сайрам ауданы мен Қытай инвесторлары арасында стратегиялық маңызы жоғары екі меморандум бекітілді. Алғашқы келісім “KUZOV KARABULAK” компаниясы мен DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED арасында жасалып, ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды және іске асқан жағдайда 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл бастама Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдегі еңбек нарығына да оң әсерін тигізеді.
Екінші меморандум “Qazaq Air Technology” ЖШС мен Қытайдың “Huankun Industrial Investment Limited” компаниясы арасында бекітілді. Аталған жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін зауытты іске қосуды қамтиды. Инвестиция көлемі 1 млрд теңге. Құрал-жабдықтар толық орнатылғаннан кейін кәсіпорын ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш өндіруге мүмкіндік алады. Бұл өндіріс орнында 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар форум барысында Сауран ауданында жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жоба да мақұлданды. Жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын агроөнеркәсіптік жоба шетелдік «Xiang Hopi i Ma Aerial Machinery» компаниясымен жасалған меморандум аясында іске асады. Жоба ауыл шаруашылығы саласын технологиялық жаңғыртуға бағытталған. Компания топырақ өңдеу, егін жинау және агроөндірістік процестерді автоматтандыруға арналған жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған. Бұл өндіріс іске қосылған жағдайда аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады және өнімнің бір бөлігі экспортқа бағытталады.
Форум аясында Төлеби ауданының туристік әлеуеті де инвесторлар назарына ұсынылды. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен жеке кездесулер өткізіп, туризм инфрақұрылымын дамытуға арналған жобаларды таныстырды. Кездесулерде жаңа туристік нысандар салу, экотуризм бағыттарын кеңейту, сервис сапасын арттыру және демалыс аймақтарын дамыту мәселелері қаралды. Инвесторлар өңірдің табиғи байлығы мен қолайлы климатын атап өтіп, бірлескен жобаларға қызығушылық білдірді.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. 2025–2028 жылдар аралығында өңірде 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 58 инвестициялық жоба қолға алынып, 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар 10 айдың қорытындысы бойынша облыс капиталына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, тікелей шетелдік инвестициялар жоспары артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

