Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында бірқатар шетелдік компания басшылары мен инвесторлармен кездесулер өткізді. Маңызды басқосулар өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыруға, нақты жобаларды талқылауға және ұзақмерзімді әріптестік орнатуға бағытталды. Облыс басшысы форумға арнайы шақыртуды қабыл алып келген шетелдік делегациялар мен бизнес өкілдеріне алғысын білдіріп, Түркістан өңірінің экономикалық мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Түркістан облысының стратегиялық артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, өңір Қазақстандағы халқы ең тығыз орналасқан облыстардың бірі болып саналады. Еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесінің 33,7 пайызды құрауы инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі. Бұл көрсеткіш жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде тұрақты әрі жеткілікті еңбек ресурстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста кәсіби даярлықтан өткен кадрлар мен жастардың үлесі жоғары, бұл индустриялық және сервистік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістанның транзиттік әлеуетіне ерекше назар аударды. Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 85 пайызы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңір аумағынан өтеді. Бұл логистикалық артықшылық Түркістанды халықаралық сауда мен өндіріс үшін тиімді хабқа айналдырып отыр. Бұған қоса, Қытайдың Ляньюньган портындағы қазақ-қытай бірлескен логистикалық терминал және Сиань қаласындағы құрғақ порт секілді жобалар облыстың транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі күшейтуде. Осы инфрақұрылымдар арқылы өңір кәсіпорындары әлемдік нарыққа жедел шығу мүмкіндігіне ие.
Кездесуде инвесторларға ұсынылатын нақты мүмкіндіктер де кеңінен таныстырылды. Қазіргі таңда Түркістан облысында дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге шағын өнеркәсіптік парктерде инвесторларға дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ аясында да салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылып, өндіріс ашуға қолайлы құқықтық режим қалыптастырылған. Облыс басшысы маңызды жобаларды сүйемелдеу және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Форум аясында өткен G2B форматындағы кездесулерде Қытайдың бірнеше провинциясынан келген ресми делегациялар мен инвесторлар өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс салалары бойынша ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіріп, бірқатар бастамаларды ұсынды. Сонымен қатар күн және су электр станцияларын салу, энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру саласында әріптестік орнату мәселелері де талқыланды. Әрбір ұсыныс облыс әкімдігі тарапынан мұқият зерделеніп, заңнама аясында іске асыру тетіктері қарастырылатыны айтылды.
Нұралхан Көшеров кездесулер барысында 20-дан астам инвестор мен компания басшыларымен жеке келіссөздер жүргізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл форматтағы тікелей диалог инвесторлардың нақты сұрақтарына жауап беруге, жобаларды іске асыру барысында туындауы мүмкін мәселелерді алдын ала талқылауға мүмкіндік берді. Облыс басшысы Түркістан өңірінде инвестициялық ахуалдың қолайлы екенін атап өтіп, өндіріс орындарын көбейту, өңдеу секторын дамыту және жаңа технологияларды енгізу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Айта кету керек, Түркістан облысында инвестиция тарту және өндіріс көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы өңірде 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Биылдың өзінде 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Қазіргі уақытта 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылған.
Экономикалық көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Сонымен қатар 2025 жылға жоспарланған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 475 млн АҚШ доллары болғанымен, жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жоспар артығымен орындалды. Бұл деректер Түркістан облысының халықаралық инвесторлар үшін сенімді әрі болашағы зор өңірге айналып келе жатқанын айғақтайды.
Халықаралық форум аясындағы бұл кездесулер Түркістан облысының әлемдік бизнес қауымдастықпен байланысын нығайтып, жаңа өндірістік жобаларға жол ашуда. Алдағы уақытта қол жеткізілген келіссөздер нақты инвестициялық шешімдерге ұласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.

