Жетісай ауданында инвестициялық белсенділік артып, жаңа өндірістер экономиканың тірегіне айналуда

Жетісай ауданында инвестициялық белсенділік артып, жаңа өндірістер экономиканың тірегіне айналуда

Түркістан облысында экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан мен қалаларда жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы әлеуметтік жағдайды жақсарту және жұмыссыздық деңгейін төмендету басты басымдықтардың біріне айналған. Осы саясаттың нақты нәтижесі Жетісай ауданында айқын байқалып отыр.

Соңғы бес жыл ішінде Жетісай ауданына тартылған инвестиция көлемі 90,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының дамуына, өндірістік әлеуетінің артуына және кәсіпкерлік ортаның жандануына тікелей әсер етті. Инвестиция есебінен түрлі салаларда жаңа жобалар іске қосылып, жүздеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылуда. Жетісай бүгінде тек аграрлық өңір ғана емес, шағын және орта өндірістер дамып келе жатқан индустриялық аймақ ретінде де қалыптасып келеді.

Аудан аумағындағы маңызды жобалардың бірі Асықата кентінде жүзеге асырылуда. Мұнда жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын шағын өндірістік парк құрылып, оның аясында құны 210 млн теңгеге бағаланған бес бірдей өндіріс орны іске қосылуда. Аталған өндірістер түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын шығару, тұрмыстық химия өнімдерін өндіру және әжетхана қағазы мен майлықтар жасау бағыттарын қамтиды. Бұл жобалар іске толық қосылған жағдайда 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Өндірістік парктің құрылыс барысымен аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов арнайы барып танысты. Олар нысандағы жұмыстардың қарқынына назар аударып, инвесторлармен кездесіп, жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Аудан басшылығы өндірістік инфрақұрылымның уақытылы іске қосылуы инвесторлар сенімін арттырып, жаңа жобалардың келуіне жол ашатынын жеткізді.

Аудан әкімі өз сөзінде индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктерді тиімді пайдалану аудан экономикасын дамытудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жетісайда жаңадан салынып жатқан индустриялық аймақ пен өндірістік алаңдар жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жергілікті шикізатты өңдеуге және қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті, сондай-ақ Ынтымақ, Жаңа ауыл және Қазыбек би ауылдық округтерінің инвестициялық әлеуеті жоғары екені айтылды. Бұл аумақтар инфрақұрылыммен қамтылуы және көлік қатынасының қолайлылығы арқылы инвесторлар үшін тартымды саналады.

Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар тек өндіріс ашумен шектелмейді. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді түрде ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың табысын арттырып, ішкі тұтыну нарығын кеңейтеді. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету саласының дамуына, шағын бизнестің жандануына және ауылдық елді мекендердің әлеуетін көтеруге әсер етеді.

Аудан басшылығы инвесторлармен тұрақты диалог орнатып, жобаларды сүйемелдеу тәжірибесін жалғастырып келеді. Инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру барысында заң аясында барлық қажетті қолдаулар көрсетілетіні де атап өтілді. Мұндай ашық әрі жүйелі саясат жаңа кәсіпкерлердің ауданға келуіне және бұрынғы инвесторлардың өндірісін кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. Жетісай ауданында іске қосылатын индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парктер мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа бизнес өкілдерінің қалыптасуына жол ашады деп күтілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылға қарай 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсат Жетісайдың өңірлік экономикадағы рөлін күшейтіп, оны тұрақты даму жолына шығаруға бағытталған.

Жалпы алғанда, Жетісай ауданында инвестиция тарту арқылы өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижелерін беруде. Соңғы бес жылдағы 90,2 млрд теңге инвестиция – бұл ауданның әлеуетіне деген сенімнің көрінісі. Ал алдағы жылдарға белгіленген жоспарлар Жетісайдың экономикалық дамуы одан әрі жалғасатынын көрсетеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...