Шымкент қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары кеңейіп келеді. Әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудандық мансап орталықтары қалалық прокуратурамен бірлесе апта сайын шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіп жатыр. Бұл — қала орталығына барып-келуге кететін уақыт пен шығынды азайтып, тұрғындардың еңбек нарығына қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Осы бағыттағы кезекті іс-шара Абай ауданының мансап орталығының ұйымдастыруымен Қайнарбұлақ елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтті. Жәрмеңкеге Қайнарбұлақ маңында орналасқан кәсіпорындар мен мекемелер шақырылып, 120-дан астам тұрақты бос жұмыс орны ұсынылды. Қатысушылар құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, жылыжай шаруашылығы, мәдениет, қызмет көрсету, туризм сияқты түрлі сала өкілдерімен тікелей жүздесіп, жұмыс мүмкіндіктерімен танысты.
Жәрмеңке барысында азаматтарға жұмыспен қамту тетіктерінен бөлек, құқықтық кеңес те көрсетілді. Қалалық прокуратура мамандары банк есепшоттарының бұғатталуы, еңбек даулары, қарыз өндіру мәселелері жөнінде түсіндірме беріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кеңес жүргізді.
Жәрмеңкеге келген тұрғындардың бірі — 33 жастағы Тоғжан Жүзжасарова. Ол біраз уақыттан бері өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүргенін, бүгінгі шарадан үлкен үміт күтетінін айтты:
– Әлеуметтік желіден жәрмеңке туралы хабарландыруды көріп келдім. «Эколог» мамандығым бойынша жұмыс таппай жүрген едім. Бүгін кәріз суын қайта өңдеу саласында жұмысқа орналасуға мүмкіндік туды. Мұндай қолдау шаралары көп азаматқа үміт сыйлайды, — дейді ол қуанышымен бөлісіп.
Ал көпбалалы ана және «Алтын алқа» иегері Нұргүл Әбілқасымова тұрақты және еңбекақысы жоғары жұмыс іздеп жүргенін айтады:
– Қазір уақытша жұмыстамын. Өзіме және отбасыма тұрақты табыс қажет. Жәрмеңке барысында екі жұмыс орны көңіліме қонды. Сонымен қатар, банк шоттарымның бұғатталуына байланысты прокуратура өкілдері пайдалы кеңес берді, — дейді ол.
Іс-шараға 20-ға жуық ұйым қатысып, түрлі сала мамандарына арналған бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар, мансап орталығы қызметкерлері азаматтарға:
✔ «Enbek.kz» электронды еңбек биржасын қолдану
✔ Жұмыссыз ретінде онлайн тіркелу
✔ Қашықтан оқыту курстары
✔ «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Қоғамдық жұмыс» сияқты мемлекеттік бағдарламалар
туралы толық ақпарат түсіндірді.
Жәрмеңке қорытындысында:
• 17 азамат «жұмыс іздеуші» ретінде тіркелді
• 7 тұрғын тұрақты жұмысқа жолдама алды
• 2 адам жастар практикасына орналастырылатын болды
• 60–80 азаматқа ақпараттық буклеттер таратылды
• 12 азаматқа Enbek.kz платформасын пайдалану бойынша нақты нұсқаулық берілді
Мұндай шағын форматтағы жәрмеңкелер — ірі шаралардан кем емес тиімді. Себебі олар тұрғындардың еңбек нарығына қолжетімділігін арттырып, әсіресе әлеуметтік осал топтар мен жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

