Түркістан облысы индустриялық-инвестициялық даму бағытында қарқынды ілгерілеп келеді. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі — «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 миллиард теңге болатын жаңа өндіріс орнының құрылысы. Сауран ауданының Оранғай ауылында орналасатын «BEREKE PLASTIC» зауытының капсуласы салтанатты түрде қаланып, жоба ресми түрде іске қосылды.
Жаңа зауыттың құрылысы бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Жоспарға сәйкес, өндірістік аймақта жеті заманауи кешен бой көтереді. Олардың алғашқысы келер жылдың ақпан айында пайдалануға берілмек. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіп саласындағы даму қарқынын күшейтіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Іргетас қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, бұл бастаманың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын атап өтті.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын ашу ісіне ерекше назар аударып отырмыз. Қазір облыста зауыттар мен фабрикалардың құрылысы белсенді жүріп жатыр. Әр жаңа жоба — халық үшін жаңа мүмкіндік, табыс көзі. Бүгін іргетасы қаланған зауыт іске қосылған соң, отандық өнім көлемін арттырып, импортты алмастыруға және өңірдің экономикалық дербестігін нығайтуға үлес қосады. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдегі жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді, – деді аймақ басшысы.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде өңірде кадр даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Биыл облыс колледждерінде 8 мыңнан астам түлек ірі өндірістік жобаларға тартылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша жаңа зауыттар мен кәсіпорындарға 2 290 жұмысшы маман қажет екені белгілі болды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп, энергетика, техника және құрылыс салалары бойынша 11 бағытта кадр тапшылығы анықталған. Осыған орай, колледждерге жаңа лицензиялар беріліп, өңірдің өндірістік секторына қажетті мамандарды даярлау басталып кетті.
«BEREKE PLASTIC» зауытының іске қосылуы елдің экологиялық және экономикалық даму стратегиясымен үйлеседі. Кәсіпорын жылына 600–700 тонна көлемінде пластик және қағаз негізіндегі бір реттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдардың 18 түрін шығаратын болады. Бұл – Қазақстанда сирек кездесетін бағыттардың бірі. Өндіріс іске қосылған соң, отандық нарықтың сұранысын қамтып қана қоймай, өнімнің бір бөлігі экспортқа шығарылмақ. Сонымен қатар зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 65 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мұндай жобалар Түркістан облысының өнеркәсіптік және экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, аймақтың экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына да үлес қосады. Пластикалық және қағаз өнімдерінің заманауи технологиялар арқылы шығарылуы қалдықтарды азайтуға және қайта өңдеу мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы бүгінде инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналып отыр. Жалпы көлемі 365 гектар аумақты қамтитын аймаққа қазірдің өзінде 72 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Мұнда төрт жоба жүзеге асырылып жатыр және олардың нәтижесінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аймақтың инфрақұрылымы толық дайын: қажетті инженерлік желілер тартылып, өндіріс алаңдары заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Бұл жағдай инвесторларға жобаларды жедел жүзеге асыруға және өндірістік қуаттылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Түркістан облысының индустриялық-инновациялық саясатын ілгерілетіп қана қоймай, елдің экономикалық дербестігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

