Қызылорда облысында автомобиль жолдары саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі бағаланды. Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен сала қызметкерлеріне арналған жиын өтіп, жол саласына үлес қосқан үздік мамандар марапатталды. Іс-шараға басқарма басшылары, мердігер ұйымдардың өкілдері және жол жөндеу мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында Данияр Еренғалиұлы өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары аймақта жол желісін жаңарту көрсеткіші айтарлықтай артқан. 2021 жылы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 75 пайыз болса, бірнеше жыл ішінде бұл көрсеткішті көтеру үшін ауқымды жұмыстар жүргізілген. 2022-2025 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен 147 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 485 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 1600 шақырым жол мен 30 көпірге жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
«Жол салу – тек инфрақұрылым қалыптастыру емес, халықтың өмір сапасын жақсартудың маңызды факторы. Сауда айналымының артуы, туризмнің дамуы және тұрғындардың қауіпсіз қатынауы осы салаға байланысты», – деді жиын кезінде облыс басшылығы.
Биыл жол саласын дамытуға 49 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, 329 шақырым жол жөндеуден өтті. Жыл соңына қарай жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» трассасының облыс аумағындағы 191 шақырымы толық аяқталып, пайдалануға берілмек.
Жиын барысында саланың дамуына үлес қосқан мамандарға төсбелгілер, Құрмет грамоталары табысталды. Қатысушылар жол саласының алдағы міндеттері мен жоспарларын талқылап, жұмысты одан әрі күшейтуге келісім білдірді.

