Шымкент қаласында жұмысшы жастардың әлеуетін арттыруға және олардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталған маңызды шара өтті. AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы, партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауытының ұйымдастыруымен өткен «Жұмысшы жастар» форумы еңбек нарығында белсенділік танытып жүрген жас мамандарды, студенттерді және өндіріс саласының өкілдерін біріктірді. Іс-шараға «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова, AMANAT партиясының қалалық филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, зауыт президенті Цзян Жиюань, бірінші вице-президент Бақыт Тасқынұлы, қала әкімдігі өкілдері, жас мамандар, депутаттар мен спортшылар қатысты.
Форум жұмысы зауыт аумағында экскурсиямен басталды. Қатысушылар мұнай өңдеу үдерістерін, өндірістік технологияларды, қауіпсіздік талаптарын және жас кадрларды оқыту жүйесін өз көздерімен көріп, кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ танысты. Сондай-ақ кәсіпорындар тарапынан бос жұмыс орындары ұсынылып, жастарға кәсіби бағдар беруге арналған еркін форматтағы кездесу ұйымдастырылды. Бұл мүмкіндіктер жас мамандарға еңбек нарығына сенімді қадам басуға ықпал етеді.
Пленарлық отырыс барысында Акерке Искандерова форумның Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай өткізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, еңбекқор және жаңашыл жастардың пікірін тыңдау, оларды қолдау алаңын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Елімізде жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау арқылы өндіріс секторындағы кадр тапшылығын азайту көзделуде.
AMANAT партиясы қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев жұмысшы жастарды қолдауға бағытталған жобалар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылып жатқан бастамалар жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың белсенділігін арттыруда. Қалада 331 мыңға жуық жас бар, соның ішінде 8 мыңнан астамы жастар ұйымдарының мүшесі болып табылады. Бұл көрсеткіш Шымкент жастарының қоғамдық өмірге белсенді араласып отырғанын көрсетеді.
Форум барысында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань зауыттағы жаңғырту жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Ол өндірістің дамуы білікті мамандарға, әсіресе жаңа технологияларды меңгерген жастарға тікелей байланысты екенін атап өтті. «Жас мамандарға инвестиция – компания болашағына салынған инвестиция» деген сөзі жастардың кәсіби дамуына мән берудің маңыздылығын айқындай түсті.
Бұдан бөлек, цех бастығы Болат Қалдыкөзов өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға еңбек сүйгіштікке, ұжыммен үйлесімді жұмыс істеуге, қателіктен қорықпауға және өмір бойы білім алуға шақырды. Оның кеңестері жас мамандардың кәсіби жолында үлкен мотивация болды.
Форум жас мамандардың әлеуетін ашуға, еңбекке деген қызығушылығын арттыруға және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Осындай шаралар жастардың өндірістік салаға деген қызығушылығын арттырып, олардың маман ретінде қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.

