Наурызбай ауданы Алматының дамуы серпінді жүріп жатқан аймақтарының қатарында. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Назира Тоғызбаева биылғы он айдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырып, барлық негізгі бағыттарда айтарлықтай өсім байқалып отырғанын атап өтті. Инвестициялық белсенділіктен бастап кәсіпкерлік қарқынына, инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді жаңартуға дейінгі жұмыстар ауданның тұрақты дамуға бағытталған саясатын айқын көрсетіп отыр.
Әкімнің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің беталысы тұрақты. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өндіріс көлемі 13,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,2 пайыз өсім тіркелген. Бұл көрсеткіш аудан экономикасында нақты сектордың орнықты үлесі бар екенін және жергілікті өндіріс орындарының өз әлеуетін арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
Инвестиция тарту да аймақ дамуының басты қозғаушы тетігі болып қала бермек. Биыл Наурызбай ауданына 145,2 миллиард теңге инвестиция бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 49 пайызға көп. Жыл соңына дейін жалпы инвестиция көлемін 197 миллиард теңгеге жеткізу жоспары бар. Оның ішінде 150 миллиард теңге құрылыс саласына, қалған 47 миллиард теңге сауда, өндіріс және басқа да маңызды салаларға жұмсалмақ. Аудан экономикасының өсімін қамтамасыз етуде ірі құрылыс жобалары, жаңа тұрғын үй кешендері және шағын кәсіпкерлікті қолдауға арналған бастамалар шешуші рөл атқарып отыр.
Кәсіпкерлік саласы Наурызбай ауданында белсенді түрде дамып келеді. Бүгінде мұнда шамамен 32 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар салық түсімінің 33 пайызға өсуіне ықпал етіп, жалпы 49,6 миллиард теңге кіріс әкелген. Оның 35,4 миллиарды жергілікті бюджетке, 14,5 миллиарды республикалық бюджетке түскен. Бизнеске жасалған қолайлы жағдайлар, мемлекеттік қолдау және инфрақұрылымның жақсаруы шамамен 7000 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Бұл – аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға да тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.
2024 жылы Наурызбай ауданының бюджеті 18 миллиард теңгені құраса, 2025 жылы ол 40 пайызға өсіп, 29,7 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бюджеттің ұлғаюы — ауданның экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын білдіріп қана қоймай, әлеуметтік нысандарды, жолдарды, инженерлік желілерді жаңғыртуға, тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастыруға қосымша мүмкіндік береді.
Қалалық ортаны көркейту мен абаттандыру бағытында да үлкен істер атқарылып жатыр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2025 жылы тұрғындардан түскен 1 370 бастаманың ішінен 34 жоба іріктеліп, оларды жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл жобалардың басым бөлігі қоғамдық кеңістіктерді жаңартуға, аула аумақтарын абаттандыруға және тұрғындарға арналған демалыс аймақтарын кеңейтуге бағытталған. Бүгінде абаттандыруға арналған 16 жоба, қоғамдық кеңістіктер құруды көздейтін 9 жоба және 6 аула аумағын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Аяқталған жобалардың бірі — «Шұғыла» тұрғын үй кешеніндегі жаяу жүргіншілер аймағын толық абаттандыру. Онда балалар ойын алаңы, демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйесі, автосуару және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Аудан бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жалғасуда. Биыл 47 аула жөнделіп, Райымбек, Досмұхамедов, Карьерная көшелері мен Қарғалы өзенінің бойында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тастыбұлақ өзені бойында ұзындығы 1,4 шақырым жаяу жүргіншілер жағалауы салынуда. Бұл жобаны 2026 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Тастыбұлақ пен Қарғалы өзендерінің жағалауын бекіту жұмыстары да қатар атқарылып жатыр.
Келер жылы абаттандыру жұмыстары Абай даңғылы мен Қонаев, Алатау, Әшімов және Шаляпин көшелерінде жалғасады. Бұл аумақтарға 552 сәндік шам орнатылып, жаңа көгалдандыру жүйесі енгізіледі. Осындай кешенді жұмыстар Наурызбай ауданын жайлы, қауіпсіз әрі көркейген шағынауданға айналдыруға бағытталған.
Жалпы, Наурызбай ауданы тұрғындарының өмір сапасын арттыру, инвестициялық әлеуетті күшейту және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы қарқынды жұмыс ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр.

