Түркістан облысының Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында экологиялық ахуалды жақсарту және санитарлық тазалықты жүйелеу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, елді мекендердің көркеюіне үлес қосу.
Өткен жылы жетісайлық кәсіпкер, меценат Бахаридин Абдазмимовтың қолдауымен ауданға 55 миллион теңге көлемінде демеушілік қаражат бөлініп, қала тазалығына арналған заманауи техникалар алынған болатын. Ал биыл бұл бастама одан әрі жалғасын тауып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес облыстық бюджеттен 272 миллион 250 мың теңге бөлініп, ауданның коммуналдық шаруашылық саласына 16 жаңа техника сатып алынды.
Жаңа техникалардың салтанатты табыстау рәсімінде аудан әкімі Серік Мамытов қатысып, коммуналдық сала қызметкерлерін құттықтады. Ол бұл жаңалықтың ауданның санитарлық тазалығын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде ел көлемінде кең қолдау тапты. Бұл — тек сенбілік немесе тазалық шарасы емес, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыратын маңызды бастама. Коммуналдық салаға бөлінген жаңа техникалар еңбек өнімділігін арттырып, ауданның тазалық қызметін жаңа деңгейге көтереді. Тұрғындардың қолдауымен бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандырамыз, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Жаңа техника құрамына жыл мезгілдерінің ерекшелігіне сай қар, құм және шаң тазалайтын арнайы құрылғылары бар 13 заманауи трактор, сондай-ақ 13 тіркеме және 3 жүк тиегіш (автопогрузчик) енеді. Барлық техника заманауи талаптарға сай жабдықталып, коммуналдық қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жетісай ауданында соңғы жылдары экологиялық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілік деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде биылдың өзінде 75 ірі сенбілік ұйымдастырылып, оған 96 мыңға жуық тұрғын мен 280 техника қатыстырылды. Нәтижесінде 680 тонна қоқыс тиісті орындарға шығарылған. Бұл шаралар аудан тұрғындарының қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертумен қатар, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға жол ашты.
Өткен жылы ауданда барлығы 35 сенбілік өткізілген болатын. Осылайша биылғы көрсеткіш былтырғыдан екі есеге жуық артқан. Бұл — аудан халқының экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысып отырғанының айғағы.
Бұдан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына «Таза Қазақстан» тақырыбында 10 ақпараттық баннер, ал тазалықты сақтауға үндеу мақсатында қосымша 4 үгіт-насихат баннері орнатылған. Мұндай көрнекі құралдар тұрғындардың назарын экологиялық мәдениет пен тәртіпке аударуға бағытталған.
Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, алдағы уақытта коммуналдық шаруашылық саласын одан әрі нығайту үшін тағы 13 трицикл сатып алу жоспарланып отыр. Бұл техника шағын көшелер мен тұрғын аймақтардағы тазалық жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жетісай ауданы бүгінде Түркістан облысы көлемінде экологиялық бастамаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнда тазалық пен абаттандыру ісіне мемлекеттік құрылымдармен қатар, жеке сектор өкілдері мен ерікті азаматтар да белсене қатысуда. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында аудан аумағының көркейіп, тұрғындар өмір сүру сапасының жақсаруына нақты алғышарттар жасалып отыр.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы игі бастамалар жалғасын тауып, Жетісай ауданының экологиялық жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына және халықтың экологиялық мәдениетінің артуына айтарлықтай үлес қосуда.

