Шымкент қаласында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір көрінісі ретінде Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел: алғашқы қадамдар» тақырыбында кеңейтілген семинар-тренинг өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — өз кәсіп идеясын бастауға ниетті немесе бизнесін дамытуды көздейтін әйелдерге қолдау көрсету, қаржылық сауаттылығын арттыру және кәсіпкерліктегі кедергілерді еңсеруге бағытталған нақты білім беру.
Жиынға қаладағы кәсіпкер әйелдер қауымдастығының дамуына үлес қосып жүрген сарапшылар мен сала өкілдері қатысты. Олардың қатарында Палата директоры Сабира Адамбекова, Amanat партиясының қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Halyk Bank АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Айдос Келдібаев, сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығының кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова болды.
Спикерлер кәсіпкерлік саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа кәсіп бастауға ынталанған әйелдерге нақты бағыт-бағдар берді. Тренинг барысында кәсіпті нөлден бастау кезіндегі алғашқы қадамдар, бизнес-жоспар құрудың маңызы, нарықты сараптау, тәуекелдерді бағалау және заңнамалық талаптарды сақтау бойынша кеңестер ұсынылды.
Halyk Bank өкілдері шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған қолжетімді бағдарламалар жөнінде толық ақпарат берді. Олар кәсіпкер әйелдердің бизнесін кеңейтуге арналған жеңілдікпен берілетін несиелер, кепілдік құралдары және банк өнімдеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар банктік қолдауға қалай жүгіну керектігін және құжаттарды рәсімдеу тәртібін егжей-тегжейлі түсінді.
Ал Еңбек мобильділігі орталығының мамандары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін таныстырды. Қайтарымсыз грантқа өтінім беру тәртібі, «Бастау Бизнес» оқыту жобасына қатысу мүмкіндігі, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қажетті қадамдар түсіндірілді. Сонымен қатар кәсіпкерлерді оқыту бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстар жайында да кең ақпарат берілді.
Amanat партиясының Әйелдер қанаты өкілдері әйелдердің бизнеске белсенді араласуы — ел экономикасы үшін маңызды фактор екенін атап өтіп, гендерлік теңдікті нығайту мәселелеріне тоқталды. Олар әйелдердің іскерлік қабілеттерін дамыту арқылы отбасылық әл-ауқаттың да, қоғамның да қарқынды дамуына үлес қосуға болатынын жеткізді.
Семинар барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, бизнес жүргізу кезіндегі өз тәжірибелерінен мысалдар келтірді. Бизнес саласында кездесетін қиындықтар, бәсекеге қабілетті болу жолдары және маркетингтік стратегияларды дұрыс құру жайлы сұрақтар талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлер дәріс барысында жаңа таныстық орнатып, ынтымақтастық мүмкіндіктерін де қарастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Басты мақсат — Шымкентте кәсіпкер әйелдердің санын арттырып қана қоймай, олардың бизнес жүргізудегі құқығын, мүмкіндігін және білімін күшейту.

