Түркістан облысында жаңа инвестициялық жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беруде

Түркістан облысында жаңа инвестициялық жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беруде

Түркістан облысы өндіріс пен кәсіпкерлікке бағытталған жаңа экономикалық серпіліс кезеңін бастан өткеріп жатыр. Өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, өнеркәсіп саласын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы басым міндеттер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында егжей-тегжейлі талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, сондай-ақ аудан, қала әкімдері мен салалық құрылымдардың өкілдері қатысты. Басқосу барысында өңірдегі индустриалды аймақтарды дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлік нысандарды қолдау шаралары талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің экономикасы мен өнеркәсіп әлеуетін жаңа деңгейге көтеру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Ол аудан және қала әкімдеріне инвестициялық жобаларды қолдауды күшейтіп, әкімдік пен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды арттыруды тапсырды. Сонымен қатар аймақтық индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру және шетелдік инвесторлармен байланыс орнату мәселелеріне ерекше назар аударды.

Күн тәртібінде Түркістан қаласы мен бірнеше аудан аумағындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы кеңінен қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында орналасқан «PSI Machinery» ЖШС тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар шығаратын зауыттың құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында іске асырылатын екі жаңа жобаның жүзеге асырылу жоспары талқыланды. Бұл жобалар өңірдің индустриалды-инновациялық әлеуетін арттырып, экспортқа бағытталған өндірістердің қатарын көбейтпек.

Сайрам ауданында «KUZOV KARABULAK» ЖШС арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ауыл шаруашылығы мен жол құрылысына қажетті техника өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Ал Бәйдібек ауданында «AMANAT AGRO BAIDYBEK» агроөнеркәсіптік кешені тамшылатып суару жүйелерін шығару мен мақта өңдеу бағытында жұмыс істейтін зауыт салуда. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделуін арттырып, фермерлердің еңбек өнімділігін еселей түсуге жол ашады.

Түркістан қаласында «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС иірімжіп және джинс маталарын өндіретін тоқыма фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық іске асқанда, отандық тоқыма өнеркәсібінің қуаты артып, импорттық тәуелділік азаяды. Сонымен қатар «Qaz Natural Laminat» ЖШС еден жабындарын өндіретін зауыттың бірінші кезеңі қолға алынған. Бұл кәсіпорын құрылыс индустриясын отандық материалдармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Өңірдің индустриалды әлеуетін күшейтуге бағытталған тағы бір маңызды жоба – «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» ЖШС-ның ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыты. Бұл өндіріс орны биотехнологиялық бағыттағы инновациялық өнімдер шығарып, отандық нарық пен экспортқа арналған экологиялық таза өнім өндіруді көздейді. Сондай-ақ «Samruk Signal Systems KZ» ЖШС радиостанциялар мен түрлі электрондық құрылғылар шығаратын зауыт салу жобасын іске асыруда. Бұл жоба цифрлық технологиялар мен байланыс инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ.

Жиында облыс басшысы Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне инвесторлармен жұмыс істеудің тиімді тетіктерін қолдануды және жаңа жобалардың жүзеге асуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Ол сонымен қатар өңір экономикасына шетелдік және отандық капиталды тарту үшін инфрақұрылымдық қолдауларды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Түркістан облысы бүгінде еліміздің инвестициялық картасында ерекше орын алады. Өңірде 20-дан астам индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Олар заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен логистикалық артықшылықтар ұсынады. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді.

Қазіргі таңда облыстағы кәсіпкерлік нысандардың саны артып, жаңа өндіріс орындарының құрылысы жалғасуда. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Өңірдің индустриалды-инновациялық бағытының нақты жүзеге асуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық негізі – нақты сектор мен инвестиция» деген стратегиялық тапсырмаларының орындалуының айқын көрінісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі e-SEN платформасында «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» сервистік бағдарламалық өнімін...

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...