Арыс қаласында теміржол саласының қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында табиғатты қорғау мен қаланы көгалдандыруға бағытталған кең ауқымды шара өткізді. Бұл игі бастама биыл өзінің 120 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Қазақстан темір жолының тарихымен тұспа-тұс келіп, саланың дәстүрі мен рухын айшықтай түсті.
Іс-шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, Шымкент магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Мырзабеков, сондай-ақ өңірдің теміржолшы ардагерлері мен теміржол мекемелерінің 150-ге жуық қызметкерлері қатысты. Шара барысында қатысушылар қаланың басты демалыс аймақтарының бірі – Дендросаябақ аумағын көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысып, 120 түп ағаш көшетін отырғызды. Бұл – теміржол саласының 120 жылдық мерейтойына арналған символдық тарту әрі экологиялық мәдениетті дамытудың нақты үлгісі болды.
Ағаш отырғызу шарасы тек табиғатты қорғау мақсатында ғана емес, сондай-ақ ұжымдық бірлікті нығайту мен қоғамға үлгі болу тұрғысынан да ерекше мәнге ие. Арыс қаласының әкімдігі мен теміржол саласының өкілдері табиғатты қорғауға бағытталған мұндай бастамаларды тұрақты түрде жалғастыру қажет екенін атап өтті.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев сөз сөйлеп, шараға қатысушыларға алғысын білдірді. Ол теміржолшылардың еңбекқорлығы мен қоғамдық өмірге белсенді қатысуын ерекше атап өтіп, олардың экологиялық мәдениетті насихаттаудағы рөлін жоғары бағалады. Әкімнің айтуынша, осындай бастамалар қаланың жасыл аймағын кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін арттырады.
Шара барысында теміржолшылар қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтып, экологиялық жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті. Олардың айтуынша, табиғатты қорғау тек бір реттік шара емес, үздіксіз жүргізілуі тиіс қоғамдық мәдениет болуы керек. Бұл бағытта жастардың белсенділігі мен үлесі ерекше маңызды.
Акция Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі ұжымынан экологиялық эстафета ретінде қабылданған «Тaza Қазақстан» челленджі аясында өтті. Эстафетаның басты мақсаты – теміржол саласы қызметкерлері арасында табиғатты қорғау мәдениетін нығайтып, еліміздің түкпір-түкпірінде жасыл аймақтарды көбейту. Арыс қаласындағы теміржолшылар бұл бастаманы лайықты түрде жалғастырып, экологиялық қозғалыстың дамуына өз үлестерін қосты.
Шара барысында қатысушылар отырғызылған ағаштардың күтімі мен суару ісіне де мән берді. Бұл ағаштар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, келешек ұрпаққа таза әрі жасыл орта қалдыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, егілген ағаштардың әрқайсысы арнайы тіркеуге алынып, оларды күтіп-баптауға жауапты тұлғалар бекітіледі.
Теміржолшылардың бастамасы қоғамның өзге өкілдеріне де үлгі боларлық іс. Олар экологиялық эстафетаны ары қарай жалғастырып, Түркістан облысының өзге аймақтарындағы теміржол мекемелеріне жеткізуді жоспарлап отыр. Мұндай шаралар өңірде экологиялық сананы қалыптастырып қана қоймай, еңбек ұжымдарының қоғамдық белсенділігін де арттырады.
Арыс қаласы – теміржол тарихымен тығыз байланысты шаһарлардың бірі. Мұнда бірнеше теміржол мекемелері мен вагон жөндеу цехтары жұмыс істейді. Қаланың әлеуметтік өмірінде теміржолшылардың үлесі зор, ал олардың экологиялық акцияларға қатысуы өңірдің дамуына қосылған қосымша серпін болып отыр.
«Тaзa Қазақстан» бағдарламасы ел бойынша жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастамаға мемлекеттік органдармен қатар, жеке кәсіпорындар мен ұйымдар да белсенді түрде қатысып келеді. Бағдарлама аясында қалалар мен ауылдарда ағаш егу, қоқысты шығару, өзен-көлдерді тазалау сияқты жұмыстар атқарылуда.
Арыс қаласындағы теміржолшылардың 120 түп ағаш отырғызу бастамасы осы бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды. Бұл іс табиғатты қорғауға деген құрметтің және ел экологиясына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі болып қала бермек.

