Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың өтініштерін тыңдады

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың өтініштерін тыңдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау дәстүрге айналды. Бұл бастама – билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешуге бағытталған маңызды қадам. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов кестеге сәйкес тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады.

Кездесуге келген азаматтар өздерін толғандырған түрлі мәселелерді ортаға салды. Тұрғындардың өтініштері негізінен баспана, жол, ауызсу, электр және газ жүйелерін жаңарту бағытында болды. Әрбір өтініш жеке қаралып, нақты жауаптар мен шешу жолдары талқыланды.

Қабылдау кезінде Түркістан қаласының І және ІІ топтағы мүгедектігі бар тұрғыны тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Азаматша бұған дейін Қызылорда облысында тіркелген үйдің өз атына жазылғанына байланысты Түркістан қаласында кезекке тұра алмағанын жеткізді. Тексеру барысында оның атындағы жылжымайтын мүлік 2021 жылы сыйға берілгені анықталды. Заңға сәйкес, мұндай жағдайда тұрғын үй алу құқығы 5 жылдан кейін қайта қалпына келеді. Сондықтан азаматша 2026 жылдың сәуір айынан бастап баспана кезегіне тұра алады.

Айта кетейік, Түркістан қаласында 2025 жылы әлеуметтік әлсіз топтарға арналған 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл үйлерден 944 пәтер пайдалануға беріледі. Тек биылдың өзінде 432 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар бар. Алдағы уақытта пәтерлер «Отбасы банкінің» жүйесі арқылы электрондық кезек тәртібімен үлестіріледі.

Қабылдауда көтерілген тағы бір мәселе – Қазыбек би көшесіндегі электр бағаналарын жаңарту жайы. Тұрғындар ескі жүйенің жиі ақау шығаратынын айтып, электр желілерін жаңартуды сұрады. Бұл өтініш назарға алынып, 2026 жылға арналған жоба аясында көшедегі электр желілері толықтай СИП жүйесіне ауыстырылатыны хабарланды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Сайрам ауданынан келген тұрғын Көлкент пен Арыс ауылдарының арасындағы жолдың жағдайын көтерді. Аталған бағыттағы KXSR-4 «Қожақорған–Ханқорған–Көлкент» автомобиль жолының тозығы жеткен. 2024 жылы жолды жөндеу бойынша жобалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өткен. Құрылысты «ATSkom.kz» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоспар бойынша нысанның құрылысы 2026 жылы толық аяқталады. Бұл жоба іске асқанда аудан тұрғындарының қатынау мәселесі шешіліп, жол қауіпсіздігі едәуір жақсарады.

Қабылдауға қатысқан Сауран ауданының тұрғындары да өз ауылындағы әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Қаратөбе елді мекенінің тұрғындары ауызсу тапшылығын және жол сапасының төмендігін айтып шағымданды. Қазір ауылда 93 тұрғын тұрады, олар ауыз суды жеке ұңғымалар арқылы пайдаланады. Елді мекеннің ресми мәртебесі болмағандықтан, ірі жөндеу және инфрақұрылым тарту жұмыстары әзірге жүргізілмейді. Дегенмен, тұрғындардың өтініші бойынша 2024 жылы Шайых көшесіне жөндеу жұмыстары атқарылған. Болашақта елді мекенге ресми мәртебе берілген соң, ауызсу және жол жобалары дайындалып, жүйелі түрде жүзеге асырылады.

Зұлпыхар Жолдасов кездесуді қорытындылай келе, барлық көтерілген мәселелердің заң аясында шешілуі қажет екенін атап өтті. Ол жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың өтініштерін назарға алып, әрбір мәселенің орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды.

Облыс әкімдігі халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға басымдық беріп келеді. Әкімнің және оның орынбасарларының жеке қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері жүйелі түрде қаралады. Қабылдауға жазылу үшін азаматтар egov.kz порталы, e-otinish базасы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы өтініш қалдыра алады.

Бұл тәжірибе жергілікті басқару органдары мен тұрғындар арасындағы өзара сенімді нығайтып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тиімді шешілуіне жол ашып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ