Шымкент қаласында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты қадам жасалды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне арналған жаңа мемлекеттік грант бағдарламасының басталғанын хабарлады.
2025 жылдың 29 қазаны мен 5 қарашасы аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау жүргізіледі. Бұл бастама – қоғамға пайда әкелетін, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бизнес жобаларды қолдауға арналған тиімді құрал. Өтінімдер kezekte.kz электронды порталы арқылы қабылданады.
Гранттар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізімінде тіркелген кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне арналған. Бағдарламаның басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа тарту, инклюзивті және әлеуметтік маңызы бар жобаларды дамыту, сондай-ақ өңірлік экономиканы жандандыру.
Өтінім беру рәсімі барынша жеңілдетілген. Кәсіпкерлерге тек электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, пайдаланушы келісіміне қол қою, белгіленген үлгі бойынша бизнес-жоспар әзірлеу және өтінімді жіберу қажет. Бұл процестің барлығы онлайн форматта жүзеге асырылады, осылайша ашықтық пен әділдік толық қамтамасыз етіледі.
Гранттар тауар өндіру мен қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, өндірісті жаңғырту мен күрделі жөндеуге, шикізат пен материалдар алуға, франчайзингке құқық иеленуге, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізуге бағытталған зерттеу жұмыстарының шығындарын өтеуге беріледі.
Үміткерлер арнайы комиссия алдында өз жобаларын таныстырып, қорғауы тиіс. Бағалау кезінде жобаның әлеуметтік бағыты мен тиімділігі, дайындық деңгейі, инфрақұрылымның болуы, экономикалық негіздемесі және бәсекеге қабілеттілігі ескеріледі. Комиссия шешімі kezekte.kz порталындағы жеке кабинет арқылы үміткерге жолданады. Егер жоба қолдау тапса, кәсіпкермен келісімшарт жасалып, қаражат оның есепшотына аударылады.
Бұл бастама – әлеуметтік кәсіпкерлік идеясын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Себебі әлеуметтік кәсіпкерлік – тек табыс табуға емес, қоғамның нақты мәселелерін шешуге бағытталған бизнес түрі. Осындай жобалар арқылы аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтар жұмыспен қамтылып, жергілікті деңгейде әлеуметтік тұрақтылық нығаяды.
Шымкент қаласында мұндай бастамалар әлеуметтік жауапкершілікті арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді. Қоғамға пайда әкелетін бизнес-модельдерді дамыту арқылы кәсіпкерлер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді көпірге айналмақ.
Мемлекеттік грант бағдарламасы – әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, өңірлік экономиканы қолдаудың тиімді құралы болмақ.

