Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде ерекше мәнге ие мерекелердің бірі — әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Бұл күн – қоғамның әлсіз топтарына қамқорлық танытып, адамгершілік пен ізгіліктің үлгісін көрсетіп жүрген жандардың еңбегіне деген алғыс пен құрметтің белгісі.
Әлеуметтік сала – қоғамның ең жауапты әрі күрделі бағыттарының бірі. Бұл сала қызметкерлері күн сайын көмекке мұқтаж азаматтардың жанынан табылып, олардың өмір сапасын жақсартуға өз үлестерін қосып келеді. Шымкент қаласында бүгінде 1 913 әлеуметтік сала қызметкері еңбек етуде. Олардың 1 688-і мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге, жалғызілікті қарттарға және өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын азаматтарға көмек көрсетеді. Ал 30 маман отбасының беріктігін нығайту бағытында, 195 қызметкер еңбек нарығындағы белсенділікті арттыру және жұмыспен қамту ісінде жұмыс атқарып жүр.
Қала бойынша әлеуметтік қызметтерді жүзеге асыратын инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда Шымкентте 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1 санаторлық-курорттық орталық, 1 мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қолдау орталығы, 1 отбасын қолдау орталығы, сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы мен әр аудан бойынша мансап орталықтары жұмыс істейді. Бұл мекемелер халықтың түрлі санатына кешенді әлеуметтік көмек көрсетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қызмет атқаруда.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында психоневрологиялық ауытқуы бар балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын І және ІІ топтағы мүгедектер, жалғызілікті қарттар қамқорлыққа алынған. Бұл қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету және уақытша болу түрінде ұйымдастырылған.
2025 жылдың 1 қазанына дейін қала бойынша 3 236 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 752 адам – стационар жағдайында, 793 адам – жартылай стационарда, 402 адам – уақытша болу орталықтарында көмек алған. Сондай-ақ 1 289 азаматқа үйде қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қорғау саласында жүйелі жұмыстың нәтижесін айқын көрсетеді.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі – адам өмірінің ең нәзік тұстарына әсер ететін ізгілікті миссия. Олар тек көмек көрсетіп қана қоймай, қамқорлық пен сенімнің дәнін егеді. Әрбір әлеуметтік қызметкердің кәсібилігі мен жанашырлығы мыңдаған адамның өмірін жеңілдетіп, үміт сыйлайды.
Мейірім мен адамгершілікке негізделген бұл салада қызмет етіп жүрген әр маман – нағыз еңбек ері. Олар өз еңбегі арқылы қоғамдағы бейбіт өмір мен өзара қолдаудың дәнекері болып отыр.
Осы орайда, әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат және адам өміріне жылулық пен сенім сыйлайтын еңбектерінде табыс тілейміз.

