Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында тағы бір ауқымды жобаға қадам жасады. Түлкібас ауданының Жабағылы ауылында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабриканың құрылысы басталмақ. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар жоба болмақ.
Фабриканың іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Өз сөзінде ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын еске салып, бұл жобаның өңір экономикасы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгін біз екі үлкен жаңалықтың куәсі болып отырмыз — Күмісбастау ауылында сусын өндіретін зауыт іске қосылса, енді Жабағылы ауылында құс етін өндіретін жаңа фабриканың құрылысы басталуда. Бұл кәсіпорындар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды нысандар. Жаңа фабрика заманауи технологияларға сүйене отырып, отандық өнім өндіру көлемін арттырып қана қоймай, экспорттық бағытты да күшейтеді», – деді облыс басшысы.
Жобаға жалпы көлемі 53,7 млрд теңге инвестиция бағытталады. Фабриканы іске асыру үшін мемлекет пен жеке сектордың әріптестігі жолға қойылған. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаны қаржылай қолдау мақсатында 5 млрд теңге несиелеу тетігін ұсынбақ. Сонымен қатар мемлекет тарапынан инженерлік инфрақұрылым тартылып, өндіріс алаңы қажетті электр, газ және су жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
Фабрика толық қуатында іске қосылғанда 1 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл аудан халқы үшін жаңа еңбек мүмкіндігі мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор болмақ.
Кәсіпорынның жалпы аумағы 517,7 гектарды қамтиды. Инвестициялық жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ.
-
Бірінші кезең 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде 21,9 млрд теңге инвестиция салынып, 96 құс фермасының алғашқы бөлігі, инкубатор, құрама жем зауыты және алғашқы өндірістік нысандар салынады. Осы кезеңде 550 жұмыс орны ашылып, жылына 15 мың тонна құс еті өндіріледі.
-
Екінші кезең 2028–2029 жылдары жүзеге асырылады. Бұл уақытта жобаның өндірістік қуаты кеңейіп, 15,8 млрд теңге көлемінде қосымша инвестиция тартылады. Нәтижесінде 325 жаңа жұмыс орны ашылып, өнім көлемі 24 мың тоннаға жетеді.
-
Үшінші кезең 2029–2030 жылдары аяқталмақ. Бұл соңғы кезеңде 16 млрд теңге инвестиция салынып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастайды. Жылдық өндіріс көлемі 48 мың тонна құс етіне, ал жалпы жұмыс орны саны 1 200-ден асады деп күтілуде.
Жоба шеңберінде тек негізгі өндіріс ғимараттары ғана емес, құс сою және қалдықтарды өңдеу цехы, газ-электр станциясы, тоңазытқыш қоймалар мен құрама жем зауыты да салынады. Мұның барлығы толық өндірістік тізбекті қалыптастырып, өнімнің сапасын бақылауға және халықаралық стандарттарға сай ет өндіруге мүмкіндік береді.
Жаңа фабрика іске қосылғаннан кейін Түркістан облысы құс еті өндірісі бойынша республикадағы жетекші өңірлердің біріне айналмақ. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мен аграрлық әлеуеті бұл бағыттағы табысты дамуға қолайлы. Сонымен қатар, фабрика экспортқа бағдарланған өнім шығаруды көздеп отыр. Бұл – ішкі нарықты сапалы өніммен қамту және сыртқы нарықтағы сұранысты қанағаттандыру тұрғысынан да маңызды қадам.
Фабриканың құрылысы «жасыл экономика» қағидаттарына сәйкес жүргізіледі. Заманауи экологиялық стандарттарға сай технологиялар пайдаланылады, қалдықтарды қайта өңдеу және энергия тиімділігі жоғары жүйелер енгізіледі. Бұл – өндіріс процесінде экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты үлгісі болмақ.
Түлкібас ауданында басталған бұл жоба ауыл шаруашылығы саласының жаңа белесін айқындайды. Құс еті өндірісін дамыту тек өңірлік емес, ұлттық деңгейдегі азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосады. Мемлекеттік қолдау мен инвесторлардың белсенді қатысуының нәтижесінде Түркістан облысы алдағы жылдары еліміздің ең ірі агроөндірістік аймақтарының біріне айналары сөзсіз.

