«Таза Қазақстан» бағдарламасы: Түркістан өңірінде экологиялық жауапкершілік жаңа деңгейге көтерілді

«Таза Қазақстан» бағдарламасы: Түркістан өңірінде экологиялық жауапкершілік жаңа деңгейге көтерілді

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нақты нәтижелер беруде. Бағдарламаның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды азайту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, тек соңғы бір апта ішінде 200-ден астам тазалық акциясы ұйымдастырылды.

Өткен аптада облыс аумағындағы елді мекендерде 201 сенбілік шарасы өткізіліп, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде 177 тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, көшелер мен аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.

Әкім өңір басшыларына экологиялық тәртіпті күшейтуді және елді мекендердің санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар тек бір реттік акциялармен шектелмеуі тиіс. Әрбір аудан мен қала өз аумағында тазалық мәдениетін тұрақты түрде қалыптастыруға күш салуы қажет. Рұқсатсыз төгілген қоқыс орындарын анықтап, оларды жою бойынша нақты шаралар қабылдау міндеттелді.

Бағдарламаның орындалу барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағында өткен аптада «Таза жағалау» акциясы өткізілді. Бұл шараға 7 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер мен тұрғын қатысып, өзендер мен каналдар бойындағы 1 016 шақырым аумақ тазартылды. Нәтижесінде 143 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға жеткізілді. Мұндай акциялар экологиялық сана мен ұжымдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етуде.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының тиімді жүзеге асуы үшін өңірде заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер де енгізілуде. Соның бірі – «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі. Бұл онлайн жүйе арқылы тұрғындар экологиялық мәселелерді тіркеп, тиісті органдарға хабарлай алады. Қазіргі таңда ботқа 3 104 өтінім келіп түскен, олардың 3 192-сі (кейбірі қайталанған өтінімдер) орындалған, ал 12 өтінім бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл көрсеткіш тұрғындардың белсенділігі мен экологиялық мәдениетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Тәртіпті сақтау мақсатында қоғамдық орындарда санитарлық нормаларды бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар да қолданылуда. Биыл облыс көлемінде 16 993 хаттама толтырылып, 502,7 млн теңге айыппұл салынған. Оның 270,9 млн теңгесі бюджетке өндірілген. Мұндай қадамдар тәртіп пен жауапкершілік қағидатын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, облыстық жұмысшы топтар апта сайын елді мекендердің санитарлық жағдайына мониторинг жүргізіп келеді. Бұл ретте заңсыз қоқыс орындарының азайғанымен, кейбір аудандарда мәселе әлі де бар екені айтылды. Тиісті әкімдіктерге қоқыс шығару жүйесін жетілдіру, полигондарды тиімді пайдалану және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы тек тазалықпен шектелмей, қоғамның экологиялық санасын көтеруді көздейді. Бұл бастама аясында мектептерде, жоғары оқу орындарында және ұйымдарда экологиялық тәрбиеге бағытталған сабақтар мен семинарлар өтуде. Өңір тұрғындары арасында ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды кеңейту, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті қалыптасып келеді.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық және «Келешек мектептері» жобасы аясындағы құрылыс барысын да талқылады. Бұл — өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.

Түркістан облысында экологиялық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті арттыру бағытында жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоршаған ортаны қорғау ісінің нақты үлгісіне айналып келеді. Халықтың белсенді қатысуы мен жергілікті биліктің үйлесімді жұмысы нәтижесінде өңірдің келбеті күннен-күнге жақсарып, тұрғындар үшін таза әрі жайлы орта қалыптасуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...