Түркістан облысы соңғы жылдары ел экономикасындағы ең серпінді дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналды. Өңірде индустрияландыру саясатының нәтижесінде жаңа өндіріс ошақтары ашылып, жұмыс орындары көбеюде. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 2397 гектардан асатын 20 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 50 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде 2600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірдің индустриялық-инвестициялық әлеуетін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Мәжілісте аймақ басшысы инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау – Түркістан экономикасының тұрақты дамуының негізгі тетігі екенін атап өтті. Президенттің биылғы халыққа Жолдауында да индустрияландыру, жеке инвестицияларды тарту және өндіріс көлемін арттыру бағыттарына ерекше мән берілгенін еске салған облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріп, нақты нәтижеге жұмыс істеу қажет. Әр аудан мен қала әкімдері инфрақұрылым мәселелерін шұғыл шешу үшін қадамдық іс-шара жоспарын әзірлеп, әр апта сайын есеп беріп отыруы тиіс. Жауапкершілікті сезінбеген және сапасыз жұмыс атқарған басшылардың ісі жеке қаралатын болады», – деді Нұралхан Көшеров.
Индустриалды аймақтарды дамыту үшін соңғы жылдары айтарлықтай қаражат бағытталуда. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың мәліметінше, осы мақсатқа 12,35 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге шамамен 12,3 теңге жеке инвестиция тартылып отыр. Бұл – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және инвесторлардың өңірге деген сенімінің жоғары екенін айғақтайды.
Жыл басынан бері облыстағы кәсіпорындар 12,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 756,6 млн теңге салық түсірді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, индустриалды аймақтарға жалпы құны 78,1 млрд теңге болатын 28 жаңа инвестициялық жоба орналастырылды. Осы жобалар есебінен тағы да 2370 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық белсенділігі артып келеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, құрылыс материалдарын, металл өнімдерін, пластмасса бұйымдарын, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіруге бағытталған. Мұндай жобалар аймақтың өндірістік құрылымын жаңғыртып, импортты алмастыру және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд теңгеге 48 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 3 812 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Яғни, алдағы екі жыл ішінде аймақтағы жұмыспен қамту деңгейі едәуір жақсарып, жастар мен жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер пайда болады.
Мәжіліс барысында облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын толық қамтамасыз ету, жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден учаскелерді қайтарып алу және зауыттарды салық органдарына тіркеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, әрбір өңірдің әлеуетіне сай жаңа жобаларды көбейтіп, инвестициялық ортаға серпін беру қажеттігі айтылды.
Облыстың индустриалды дамуындағы мұндай жетістіктер аймақтың экономикалық тұрақтылығын арттырып, өндіріс пен кәсіпкерліктің жаңа дәуірін қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Түркістан бүгінде тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, заманауи өндіріс пен инновацияның да орталығына айналып келеді.
Жалпы алғанда, индустриалды аймақтардың табысты дамуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің кепілі. Мемлекеттік қолдау мен инвесторлардың сенімді серіктестігі арқасында Түркістан облысы алдағы жылдары да ел экономикасының маңызды тірегіне айналары сөзсіз.

