Еңбек қатынастарын дамытуға бағытталған диалог алаңы

Еңбек қатынастарын дамытуға бағытталған диалог алаңы

Шымкент қаласында әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын нығайту мақсатында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде еңбек қатынастары жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды орталық төрағасы Бауыржан Әлтеев жүргізді.

Отырыстың жұмысына қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қалдықараев, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында еңбек саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды.

Комиссия мүшелері жастарды жұмыспен қамту және өндірістік практика ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аударды. Қатысушылардың пікірінше, жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік беру – кадрлық әлеуетті арттырудың маңызды тетігі. Бұл бағытта кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар, еңбек және ұжымдық шарттардың сақталуы, еңбек дауларын шешу тетіктерін жетілдіру, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Комиссия өкілдері еңбек қатынастарында ашықтық пен әділдікті сақтау – тұрақты әлеуметтік ахуалдың кепілі екенін айтты.

Жиын барысында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС тарапынан ұсынылған бастама – кәсіподақ мүшесі емес жұмысшыларды ұжымдық шартқа қосу жөніндегі ұсыныс кеңінен қолдау тапты. Бұл қадам еңбек ұжымындағы бірлікті нығайтып, барлық қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған.

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты, қатысушылар қазан айында ұйымдастырылатын «Еңбек – елдің тірегі» атты қалалық флэшмобқа ерекше тоқталды. «Наурыз» алаңында өтетін бұл шара еңбек адамдарының қоғамдағы беделін арттыруға, сондай-ақ еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын насихаттауға бағытталмақ.

Комиссия төрағасы Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, қабылданған шешімдер мен ұсыныстар 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Олардың орындалу нәтижелері келесі комиссия отырысында қаралып, еңбек қатынастарын жетілдіру жөніндегі жұмыстар жалғасын табады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар еңбек мәдениетін қалыптастыру, кәсіподақтардың рөлін күшейту және жұмысшылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды.

Шымкент қаласындағы бұл отырыс еңбек саласындағы әлеуметтік диалогты нығайтуға және өндірістік қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...