Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында соңғы жылдары нақты нәтижелер байқалуда. Соның ішінде Жетісай ауданы аймақтың өндірістік және инвестициялық орталығына айналып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, олардың ішінде жаңа индустриялық аймақ құру мен заманауи зауыттардың құрылысын бастау ерекше мәнге ие болды.
Жетісай ауданында құрылысы басталған ірі жоба – ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суару құралдары мен арнайы пленкаларды шығаратын зауыт. Бұл жоба аймақтың аграрлық секторы үшін стратегиялық маңызға ие, себебі суды үнемдеу және өнімділікті арттыру қазіргі таңда ауыл шаруашылығында ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы құны 15 миллион АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын зауыт іске қосылған жағдайда, өңірде агротехнологиялардың жаңа деңгейі қалыптасып, шаруаларға тиімді жағдай жасалмақ.
Аудан әкімі Серік Мамытов құрылыс алаңында болып, шетелдік инвесторлармен кездесті. Ол зауыттың өңір экономикасына қосар үлесін ерекше атап өтіп, инвесторларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Шетелдік серіктестер өз кезегінде жобаның табысты іске асуына сенім білдіріп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға ниетті екендерін айтты. Бұл бастама соңғы отыз жылда Жетісайда алғаш рет жүзеге асып отырған ірі өндірістік жоба ретінде тарихта қалады.
Жаңа зауыттың іске қосылуы аудан экономикасын әртараптандырып қана қоймай, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындар үшін бұл – тұрақты табыс көзі мен кәсіби біліктілікті арттырудың жаңа мүмкіндігі. Сонымен қатар, отандық өнімнің үлесін арттыру арқылы импортқа тәуелділікті азайту жоспарланып отыр.
Индустриялық аймақ құру жобасы да ерекше назарда. Аумағы 59 гектарды қамтитын «Жетісай» өңірлік индустриялық аймағында қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталып, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Қаржыландыру тетіктері нақты айқындалып, инженерлік жүйелер мен жол инфрақұрылымын жеткізу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бұл аймақ болашақта ауданның экономикалық дамуының тірегіне айналатыны анық.
Жетісай әкімдігі мен инвесторлар арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жоба қарастырылып отыр. Оның ішінде 29,9 млрд теңгені құрайтын 6 жоба – нақты іске асырылу сатысында. Атап айтқанда, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты және полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары 2026 жылға дейін пайдалануға берілмек. Бұл өндіріс ошақтарының іске қосылуы нәтижесінде 1083 тұрақты жұмыс орны ашылып, өңір халқының әлеуметтік жағдайы жақсарады деп күтілуде.
Инвестиция тарту көлемі жыл сайын артып келеді. Егер 2022 жылы ауданға 14,9 млрд теңге инвестиция тартылған болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 25,4 млрд теңгеге жеткен. Ал 2024 жылы 43,7 млрд теңге қаржы құйылып, ағымдағы жылдың алғашқы 8 айында ғана 22,3 млрд теңгенің инвестициясы игерілді. Осылайша, соңғы бес жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш ауданның инвестициялық тартымдылығы мен инвесторлардың сенім деңгейінің айқын дәлелі.
2024–2030 жылдарға арналған даму жоспарында аудан экономикасына 419,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Бұл мақсат орындалса, Жетісай өңірі Түркістан облысының өндірістік картасында жетекші орынға шығатыны сөзсіз.
Жетісайдағы жаңа зауыт пен индустриялық аймақтың іске асуы өңір халқының тұрмыс сапасын арттырып, жастарға жаңа жұмыс мүмкіндіктерін ашады. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы мен өндірісті ұштастыра отырып, өңірдің экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, тұрақты дамуға жол ашады.

