Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығының маңызды салаларының бірі – мақта шаруашылығы. Бұл сала өңір экономикасының дамуына ғана емес, мыңдаған ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сол себепті биылғы күзгі жиын-терім науқаны кезінде өнімнің сапалы әрі әділ қабылдануын қамтамасыз ету мақсатында Жетісай ауданында кешенді бақылау шаралары жүргізілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен арнайы жұмысшы топ құрылып, оның негізгі міндеті – шаруалардың еңбегін әділ бағалау, заңсыздықтардың алдын алу және мақта қабылдау процесін толық бақылауға алу болды. Бұл бастама агроөндіріс саласындағы ашықтық пен сенімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.
Жұмысшы топтың құрамына жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттың, сондай-ақ қоғамдық бақылау өкілдерінің қатысуы жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетті. Топ мүшелері аудан аумағындағы мақта өңдеу зауыттары мен қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылардың қызметін тексеріп, әрбір килограмм өнімнің әділ бағалануы мен сапалы өлшенуін назарда ұстады.
Аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы бірнеше мақта өңдеу зауыттарына барып, олардың жұмысын көзбен көріп, шаруалармен және зауыт басшыларымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында әкім шаруаларға өткізілген өнім үшін төлемдердің уақытылы жасалуы, таразылардың дұрыстығы және зертханаларда мақта сапасының әділ бағалануы қажет екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, кез келген алдау немесе сапаны қасақана төмендету жағдайлары анықталған жағдайда құзырлы органдар тарапынан қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
Мұндай бақылау шараларының негізгі мақсаты – еңбек адамдарының еңбегінің бағалануы мен ауыл шаруашылығында әділ бәсекелестікті қалыптастыру. Себебі кейде мақта қабылдау пункттерінде таразыдан алдау немесе сапаны төмендету арқылы шаруаларға зиян келтіретін жағдайлар кездесіп жатады. Бұл ретте жергілікті билік тарапынан алдын алу шараларының дер кезінде қолға алынуы – ауыл шаруашылығына деген сенімді арттырып, ашықтық пен әділдікті нығайтады.
Бүгінгі таңда Жетісай ауданында жалпы 7 мақта өңдеу зауыты және 77 қабылдау бекеті жұмыс істейді. Оның 53-і тікелей Жетісай ауданындағы зауыттарға, ал қалған 24-і көршілес Мақтарал ауданындағы кәсіпорындарға тиесілі. Мұндай құрылым аймақтық өндіріс пен өнім айналымының кең ауқымын көрсетеді. Бұл да өз кезегінде жауапкершілікті талап ететін жүйе екені анық.
Биыл Жетісай ауданында 43,1 мың гектар жерге мақта шиті егілді. Күзгі жиын-терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш агрегат және 222 мақта терім комбайны жұмылдырылған. Бұл көрсеткіштер өңір шаруаларының үлкен дайындықпен кіріскенін көрсетеді. Техника мен еңбек ресурстарының жеткілікті болуы мақта терімін уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді.
Мақта – аймақтың экономикалық тұрақтылығының негізгі тірегі. Сондықтан шаруалар еңбегінің әділ бағалануы және олардың табысының уақтылы төленуі – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына да әсер етеді. Облыс және аудан әкімдігі тарапынан мұндай бақылау мен ашықтық жүйесінің енгізілуі шаруалардың сенімін арттырып қана қоймай, өңірдің ауыл шаруашылығына жаңа серпін береді.
Жетісайда басталған бұл бастама алдағы жылдары да жалғасын табатыны анық. Мақта өндірісінде әділдік пен ашықтық қағидаттарының орнығуы – ауыл еңбеккерлерінің еңбегін қорғап, олардың тұрмысын жақсартудың басты тетігі болмақ.

