Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру тетіктері талқыланды

Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру тетіктері талқыланды

Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өтті. Кәсіпкерлер палатасында өткен бұл басқосудың басты мақсаты – Жолдауда айтылған экономикалық даму мен кәсіпкерлікті қолдау шараларын түсіндіру және оларды жергілікті деңгейде тиімді іске асыру жолдарын қарастыру болды.

Іс-шараға Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков және қала кәсіпкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Ермек Тұрманов Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, Президенттің тапсырмалары ел экономикасын әртараптандыру мен кәсіпкерлікті дамытудың жаңа кезеңін айқындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Шымкент қаласында индустриялық-инновациялық секторды дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әкімдік тарапынан инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытында нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.

– Бүгінде Шымкент қаласында өнеркәсіп, әсіресе өңдеу өнеркәсібі саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әкімдік тарапынан инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып отыр. Қала аумағында жалпы көлемі 1276 гектарды құрайтын 7 өндірістік алаң бар. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, бірлескен іс-қимыл жолдарын айқындау – деді Ермек Тұрманов.

Кездесу барысында қатысушылар өз салаларына қатысты ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды. Кәсіпкерлер өнім сапасын арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту, сертификаттау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қолдау құралдарын оңтайландыру бойынша ойларын білдірді. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев жергілікті өндірушілердің сертификаттау және стандарттау үдерістеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, бұл бағыттағы жаңа мүмкіндіктер жайында баяндады.

Ал Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков қалаға инвестиция тарту тетіктері мен бизнес жобаларды қолдау шаралары туралы айтып өтті. Ол инвесторларға көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңейіп келе жатқанын, соның ішінде жер телімдерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және рұқсат құжаттарын рәсімдеуді жеңілдету бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Осындай кездесулер жергілікті бизнесті дамыту мен жаңа жобаларды жүзеге асыруда тиімді ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді.

Шымкент қаласында өткен бұл жиын Жолдауда белгіленген экономикалық басымдықтарды орындауға бағытталған нақты іс-шаралардың бастауы болды. Мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы қаланың инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге жол ашады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...